«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Павлодарлық құрылыс компанияларына «Атамекен» палатасында жаңа қасбеттік материалды қолдану ұсынылды

2025 жылғы 30 Мамыр
- Павлодар облысы
945 просмотров

Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалық кеңесінің отырысында «TD Qaz Fiber Cement» ЖШС-нің және оның өнімдерінің таныстырылымы өтті.

Кездесуді «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жомарт Сембаев өткізді. Оған сондай-ақ Қазақстан құрылысшылар одағы облыстық филиалының директоры Думан Токашев және облыстың ірі құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. Онлайн форматта «Атамекен» палатасының қалалық және аудандық филиалдары қосылды.

«TD Qaz Fiber Cement» ЖШС таныстырылымы кәсіпорынның өтініші бойынша өткізілді. Компания директоры Рустам Турановтың айтуынша, кәсіпорын аспалы желдетілетін қасбеттерге арналған қаптау материалы – фиброцементті плиталар шығарады. Бұл материал қазіргі кезде сылақ, кірпіш секілді ескірген қасбеттердің орнын басуда.

«Желдетілетін қасбет өзінің эстетикалық қасиеттерінен бөлек, энергия үнемдеуде де тиімді: ол электр энергиясы мен жылыту маусымындағы жылу шығындарын азайтуға көмектеседі. Ал жазда бұл материалмен қапталған ғимараттарда адамдар кондиционерді сирек пайдаланады, өйткені қабырғалар салқындайды. Біз Қазақстандағы жалғыз зауытпыз. Мұндай өндіріс Ресейде үшеу, Қырғызстанда біреу бар», – деді ол.

Рустам Турановтың айтуынша, зауыт 2024 жылы іске қосылып, бүгінде өз өнімін Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Шымкент және басқа да қалалардағы тұрғын үй кешендеріне жеткізуде. Компания «Комфортты мектептер» мемлекеттік жобасына қатысып, 2024 жылы 27 мектептің, ал 2025 жылы бес оқу орнының қасбеттерін өз өнімдерімен қаптады. «TD Qaz Fiber Cement» ЖШС 2021 жылы құрылып, «KUSTO GROUP» холдингінің өнімдерін нарыққа шығарумен айналысқан. Холдинг құрамына бірнеше кәсіпорын кіреді. Солардың бірі – «Семей Құрылыс Материалдары» ЖШС базасында өткен жылы фиброцементті плиталарды жергіліктендіріп шығару жолға қойылды.

Қазақстан құрылысшылар одағының облыстық филиалының директоры Думан Токашев отырыста бұл зауыттың өнімін орнататын бригадаларды даярлау мәселесі Павлодар үшін өзекті екенін атап өтті. Себебі қалада бірыңғай сәулеттік стильді енгізу басты міндеттердің бірі саналады. Ал компания директорының айтуынша, зауыт бұл материалмен жұмыс істей алатын монтаж бригадаларын дайындауда бірегей тәжірибеге ие.

«Бізде жақсы монтаж колледжі бар. Ол өз базасында арнайы бригадалар дайындай алады. Бұл – жас мамандар. Олар жаңа құрылыс материалдарын өңдеу мен қолдану технологиялары бойынша тәжірибеден өтуде. Мен сіздерге сол оқу орнына жүгінуге кеңес берер едім, осылайша оқытуды бастауға болады», – деді «TD Qaz Fiber Cement» ЖШС басшысына Думан Токашев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер