«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы Шэньси провинциясы (ҚХР) делегациясымен келіссөздер өткізді

2025 жылғы 06 Мамыр
646 просмотров

2025 жылғы 5 мамырда Астанада Қытайдың Шэньси провинциясынан келген делегациямен кездесу өтті. Қытай – Орталық Азия Іскерлік кеңесінің екінші отырысына дайындық мәселелері талқыланды. Аталған іс-шара 2025 жылғы 17–18 маусымда өтеді деп жоспарлануда.

Кездесуге қазақстандық тараптан Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасарлары Гүлнар Бижанова мен Тимур Нахипбеков қатысты. ҚХР делегациясын Шэньси провинциясы партия комитетінің Сыртқы істер кеңсесінің меңгерушісі Яо Хунцзюань бастап келді.

Тараптар алдағы іс-шараның ұйымдастырушылық және мазмұндық аспектілерін талқылады. Мұрат Қарымсақов форумның негізгі тақырыптары ретінде энергетика (жасыл энергетиканы қоса алғанда), агроөнеркәсіптік кешен, цифрландыру және IT технологияларын дамыту болатынын атап өтті. Ол B2B кездесулер іскерлік бағдарламаның орталық бөлігі болатынын және оған бизнес пен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері қатысатынының маңыздылығын айтты.

Қытайлық тарап форумға жоғары қызығушылық танытып отырғанын растады. Яо Хунцзюань іс-шараға дайындық бойынша жұмыс тобы құрылғанын және қытайлық компаниялардың белсенді тіркеліп жатқанын мәлімдеді. «Шэньси провинциясы тұрақты сауда байланыстарын орнатуға мүдделі, және біз қатысушылар делегациясын қалыптастыруды бастап кеттік. Қазіргі уақытта түрлі салалардан 50-ден астам компания қатысуға тіркеуден өтті», – деді ол.

Гүлнар Бижанова қытайлық өндірістерді Қазақстанға көшіруге қызығушылық білдіріп, елдің географиялық және логистикалық артықшылықтарын атап өтті. Ол ынтымақтастық үшін басым салалар ретінде мал азығын өңдеу, ирригация, мал шаруашылығы және мал азығын өндіруді атады және қытайлық компанияларды B2B кездесулер аясында диалогқа шақырды.

Туризм мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Тимур Нахипбеков екі ел арасында бұрыннан қолданыстағы визасыз режимнің маңыздылығын атап өтіп, бұл туристік бағыттарды дамытуға қосымша мүмкіндік беретінін айтты. Ол Іскерлік кеңес аясында екі елдің туроператорларының кездесуін ұйымдастырып, бірлескен бағдарламаларды талқылауды ұсынды.

Кездесу Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және Іскерлік кеңестің алдағы отырысына дайындыққа бағытталған маңызды қадам болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер