«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Цифрлық кеңістіктегі жер қойнауын пайдалану саласы

2025 жылғы 26 Ақпан
770 просмотров

Maqsut Narikbayev University алаңында жер қойнауын пайдаланушы компания өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова, ҚР ҰКП Төралқасының Тау-кен және металлургия өнеркәсібі комитетінің төрағасы Николай Радостовец, Қазақстан тау-кен палатасының президенті Руслан Баймишев және ТМК кәсіпорын өкілдері қатысты.

 

 Кездесу барысында геология және жер қойнауын пайдалану салаларының негізгі аспектілері талқыланды.

Өз сөзінде Қанат Шарлапаев геологиялық салада министрліктің міндеті – ел өнеркәсібінің барлық салаларын белсенді дамыту үшін минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында Қазақстан аумағын зерттеуді арттыру екенін баса айтты.

Шара барысында министр өткен жылдың қорытындысымен және биылғы жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, жер қойнауын пайдалану саласын цифрландыру жөніндегі жобалар, атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жайлы сөз қозғады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова ӨҚМ ұсынған платформа жер қойнауын пайдалану саласындағы ашықтықты және геологиялық қызметтің барлық дерегін есепке алуды қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.

«Бүгін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы алаңында геология саласындағы цифрландыру және жасанды интеллекті қолдану жобаларын таныстырды. Осыған орай, Министрлікпен апта сайын кездесіп, аталмыш платформаны пайдалану бойынша оқыту семинарларын өткізу туралы шешім қабылданды», - деді Г. Бижанова.

Сондай-ақ, ол тау-кен металлургия секторында ерекше назар аударуды қажет ететін бірқатар өзекті мәселелер барын атап өтті.

 «Жалпы, біз тау-кен металлургия секторының, оның ішінде заңнамалық сипаттағы проблемалық мәселелерді талқылауға, пікір алмасуға жақсы мүмкіндік алдық. Тау-кен өнеркәсібі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілеттігінде болғандықтан, біз министрлікпен тығыз жұмыс істеуіміз қажет», - деп атап өтті ол.

Бұдан әрі дөңгелек үстел сұрақ-жауап форматында өтті. Қатысушылар пікір алмасып, өзекті сұрақтарға толық жауап ала алды. Сондай-ақ бастапқы геологиялық есептерді цифрландыру және олардың жер қойнауын пайдаланушылар үшін қолжетімділігі мәселелері талқыланды.

Геологиялық деректерді цифрландыру жер қойнауын пайдалану секторын дамытып, инвестициялар тартуға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал ететінін атап өткен жөн.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер