«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Алматылық кәсіпкерлер құқықтары 1,7 млрд. теңгеден астам сомаға қорғалды

2025 жылғы 05 Ақпан
- Алматы қаласы
319 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Алматы қаласының «Атамекен» алаңында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің биылға бірінші отырысы өтті. Өткен жылдың қорытындысы шығарылып, жаңа өтініштер қаралды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы 1,7 млрд. теңгеден астам сомаға кәсіпкерлердің құқықтарын қорғай алды. Бұл сома заңсыз өндіріп алынған айыппұлдарды қайтаруды, салықтық хабарламалардың күшін жоюды және мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеуді қамтиды. Осы мәселелердің барлығы палата жанынан тұрақты жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің алқалы қарауына шығарылды.

Құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттерін жою

Кеңес жұмысының маңызды бағыттарының бірі - туризм және көлік саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау болды. Алматыда туристерді тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер қала жолдарында жылдамдықты асырғаны үшін заңсыз әкімшілік айыппұлдарға ілінді. Бейнебақылау камералары ескерту белгілері жоқ жерлерде бұзушылықтарды тіркеді. 2024 жылғы сәуірде күшіне енген ішкі істер министрінің бұйрығына енгізілген өзгерістер қалалардағы автобустар мен шағын автобустардың жылдамдығын сағатына 50 км-ге дейін шектеді, ал Алматы қаласының Әл-Фараби, Саин даңғылдары, Б. Момышұлы және ВОАД көшелерінің кейбір учаскелері сияқты негізгі магистральдарында автокөлік құралдарының барлық түрлері үшін сағатына 80 км жалпы жылдамдық режимі орнатылды. Айыппұлдар туралы хабарламалар жүргізушілер арасында дүрбелең туғызды және Алматының туристік саласының дамуына қауіп төндірді. Туристердің трансферін қамтамасыз етуде қызмет көрсетіп жатқан кәсіпкерлердің біреуіне ғана 3-4ақ күн ішінде 900 мың теңгеден астам сомаға айыппұлдар туралы хабарламалар түскен. Кәсіпкерлердің өтініші нәтижесінде Алматы қаласының прокуратурасы полиция органдарының жолдардағы бейнебақылау жөніндегі әрекеттеріне наразылық білдіріп, 7000 кәсіпкерге 516 млн.теңгеден астам ақшаны қайтаруға мүмкіндік берді. Бұл жағдай жол қозғалысы ережелерін реттейтін заңнамадағы сәтсіз өзгерістер кәсіпкерлердің жұмысын қиындатуы мүмкін екендігінің айқын мысалы болды.

Басқа жағдайда, кәсіпкер Б. Кауменовтың дүкендер желісінде арандату элементтері бар бақылау сатып алуларын өткізгеннен кейін, қызметтік міндеттерін бұзған 12 полиция қызметкері анықталып жазаланды. Сонымен қатар, материалдарды заңсыз рәсімдеген полицейлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

 

Білім беру бастамаларын қолдау

Кеңес қараған маңызды мәселелердің бірі - колледждерде бизнес-инкубаторлар құру және жастарды экономиканың нақты секторында оқыту жобасы болды. «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сатып алынған заманауи жабдықтар орнатылғанымен, Алматы колледждері оны толық көлемде пайдалана алмайды, өйткені заңнамалық шектеулер оқу орындары базасында бизнес-идеяларды іске асыруға кедергі келтіреді. Кеңес бизнес-омбудсменге колледждердің кәсіпкерлік қызметін қолдау үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді сұрап тиісті хат жолдады.

«Мәселе сәулет, дизайн және инженерия колледжінің алаңында өткен көшпелі отырыста қаралды. Оның мәні: практикалық сабақтарда металл мен ағаштан жасалған бұйымдар жасай отырып, оқу орны оны сата алмайды. Заңнама бойынша бұл әрекет кәсіпкерлік қызмет болып табылады. Біз бұл мәселе бойынша колледждер өндірген өнімдерін сата алатындай, ал оқушылар осылайша өндіруші тәжірибесімен қатар, болашақ бизнесмен дағдысын қалыптастыруға, нарық конъюктурасын зерттеуін үйренуге мүмкіндік алатындай заңнаманы өзгертуге бастама жасадық», - деп түсіндірді кеңес төрағасы Бақытбек Бегалиев.

Инвестициялық мәселелер

ҚР Сыртқы істер министрлігімен инвестициялық келісімшарт жасасқан «TEPLOSTIL» компаниясында да қиындықтар туындады. Компания жылу панельдерін шығаратын зауыт салды, бірақ уәкілетті органның міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарт бойынша уәде етілген жерді ала алмады. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жағдайға араласып, Алматы қаласының прокуратурасы прокурорлық ден қою актісін шығарды, бұл әрекет мәселені шешуге ықпал болды.

Интернет қызметтері мен салық хабарламаларына қатысты мәселелер

Алматыда интернет сапасы жайлы мәселе көтерілді. Интернеттің нашар сапасы онлайн-сервистерді пайдаланатын 6000-нан астам кәсіпкердің жұмысына кедергі туындатты. Жағдайды талдап, прокуратураның араласуынан кейін интернет жылдамдығы нормативтерге сәйкес келтірілді.

Мемлекеттік кірістер департаменті жеке балабақшаларға берген заңсыз хабарламалар тағы бір өзекті мәселе болды. Тұрғын үйлерде жұмыс істейтін балабақшалар 700.00 нысаны бойынша салық есептілігін тапсыруға міндетті емес, бұл мемлекеттік кірістер комитетінің ресми түсіндірмесімен расталады. Алайда, кәсіпкерлерге бұл декларациясын өткізу қажеттігі туралы хабарламалар келіп түскен. «Атамекен» палатасы мен прокуратураның араласуының арқасында барлық заңсыз хабарламалар жойылып, 400 млн. теңгеге 727 кәсіпкердің құқықтары қорғалды.

Шағын кәсіпкерлерді қолдау

Экономикалық қиындықтар аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер де біраз әбігерге түсті. Мысалы, Алматы қаласы үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасын жеткізушілер — «Гимнастика для здоровья» ЖК - 819 млн теңге көлеміндегі қолдауға ақыры қол жеткізді. Бұл шешім 1038 кәсіпкерді қолдауға мүмкіндік берді.

2024 жылы Алматы қаласы ӨКП кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі жергілікті бизнестің мүдделерін қорғауға бағытталған орасан зор жұмыс атқарды. Жыл ішінде кеңестің 12 отырысы өткізілді, оның екеуі — көшпелі болды. Кеңес мүшелері 22 өзекті мәселені қарады, оның 15-і оңтайлы шешілді.

Ағымдағы жылдың басынан бастап Кеңестің қарауына мобильді аударымдарды шектеу мәселесі бойынша микро және шағын бизнес өкілдерінің жаппай өтініші шығарылды. Бұл мәселені Үкімет әлі бекіткен жоқ, алайда Кеңес оны бақылауында ұстап отыр.

«Палатаға «үй маңындағы» дүкендердің иелері жүгінді. Олар мобильді аударымдармен жасалатын төлемдерге шектеу қойылатынына алаңдайды. Бұл мәселені біз назарға алдық, бірақ Парламентте әлі де талқылау жүріп жатқандықтан, біз осы тарапта кәсіпкерлердің құқықтарына қысым жасалмауын қадағалаймыз», - деп түсіндірді кеңес мүшесі, «Атамекен» ӨКП заң қызметінің бастығы Еркебұлан Бейімбет.

Сондай-ақ кеңеске «АлПроВет» ЖШС директоры Константин Утеков жүгінді. Заңға енгізілген ереже бойынша кәсіпкер үнемі қолданып жүрген дәрі-дәрмек есірткі категориясына жатқызылып,  күнделікті жұмысында қол жетімсіз құралға айналды. Жарты жыл бойы жұмысын толыққанды атқара алмаған ветеринарлық клиника құжаттарды сәйкестірумен айналысқан. 

Ветеринарлық клиникаларды қорғау бақылауға алынды

Алматыдағы шағын ветеринарлық клиникалар ота жасағанда анестезия үшін кетамин және трамадол препараттарына қол жеткізе алмай қалды. Заң бойынша препараттар есірткі және психотроптық заттарға жатқызылып, лицензия алуды талап етеді. Белгіленген ережелерге сәйкес, мұндай препараттарды лицензиялау тек орта және ірі бизнестің заңды тұлғалары үшін қол жетімді. Алайда, ветеринарлық клиникалардың көбісі шағын бизнес категориясында. Демек, талап олардың мүмкіндіктерін шектейді. Бұл ветеринарлық қызметтердің қымбаттауына, анестезияның тиімділігі төмен әдістерін қолдануға апарады, жануарлардың денсаулығына қауіп төндіреді.  Кәсіпкерлердің пікірінше, бұл шектеу көптеген ветеринарлық клиникаларды жұмысын тоқтатуға мәжбүр етеді, ал олардың қызметкерлері жұмыссыздар қатарын толықтыруы мүмкін. Осыған байланысты ветеринария саласындағы шағын кәсіпорындарға лицензиялауды жеңілдету үшін заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынады. Кеңес мүшелері жағдайды егжей-тегжейлі зерделеп, бизнес-омбудсменге ұсыныстар жіберуге ниетті.

Кеңестің биылғы жылға бекітілген жұмыс жоспары ауқымды. Сонымен қатар, жоспардан тыс кәсіпкерлерден түсетін шағымдарын да ұзаққа қалдырмай шешу көзделген. Бұл Палата жұмысына деген сенімнің артуының белгісі деп санаймыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер