«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бизнес-омбудсмен Шымкентте үш өңірдің бизнес-қауымдастығымен кездесті

2024 жылғы 03 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
763 просмотров

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Шымкентке жұмыс сапарымен келді.

Бизнес-омбудсмен қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесіп, өңірдегі іскерлік ахуалды жақсартудың өзекті мәселелерін талқылады.

Іссапар аясында Қанат Нұров пен қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл облыстарының бизнес-қауымдастығымен кездесті.

Жиынға, сонымен қатар, прокуратура, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, экономикалық тергеп-тексеру, бәсекелестікті қорғау департаменттері мен өңірлік Кәсіпкерлер палаталарының басшылары қатысты.

«Біздің басты міндетіміздің бірі – еліміздегі кәсіпкерлікті дамыту. Сондықтан бұл кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, оларды шешу жолдарын қарастыру. Шымкент қаласының, Түркістан және Жамбыл облыстары кәсіпкерлерінің бизнесті дамытуға қатысты пікірлері мен ұсыныстарын, сұрақтарын талқылауға дайынбыз. Кездесу кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің бастамасымен ұйымдастырылды. Қанат Ильяұлы, бастамаңыз үшін Сізге алғыс білдіреміз. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары толық көлемде жүзеге асырылуда. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалмай, ары қарай дамуымыз керек. Сондықтан, осындай кездесулердің бизнестің мәселелерін талқылау мен шешудегі рөлі зор», – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров қатысушылармен бизнес-омбудсменнің стратегиясымен бөлісті.

«Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің миссиясы – егер барлық басқа құқықтық мүмкіндіктер болмаған жағдайда кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау. Біздің басты мақсатымыз, барлық жеке инвестициялар үшін, әсіресе, шағын және орта бизнес үшін бірыңғай ережелермен қолайлы құқықтық жағдайларды қамтамасыз ету. Мемлекет әрқашан бизнес-ортаны экономикалық тұрғыдан қолдауы керек. Біз жеке бизнестің барлық негізсіз әкімшілік және басқа шектеулерін, сондай-ақ, ең айқын тәуекелдерді анықтап, алдын алғымыз келеді. Осыған орай, «Атамекен» ҰКП мен бизнес-омбудсмен екі институт жұмысының нәтижелі болуы үшін қажет барлық күш-жігерді жұмсауы тиіс», – деді Қанат Нұров.

Кездесуде бизнестің проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары көтерілді.

«Бәйтерек агро» АӨК құрылтайшысы Тахирбек Нишанбаев Таяу Шығыс елдеріне ет экспортын ұлғайту мәселесін көтерді. Оның айтуынша, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларында мал сою үшін автоматтандырылған технологиялық желіні орнату талаптары белгіленген. Ал уақ малды союда мұндай желілер іс жүзінде қолданылмайды, дейді кәсіпкер және ірі қара мал сою орындары мен уақ мал сою кәсіпорындары үшін жеке талаптарды белгілеу бойынша өзгеріс енгізуді ұсынды.

Бизнес-омбудсмен кәсіпкердің мәселесін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі деңгейінде талқылау үшін жазбаша өтінім жіберуді ұсынды.

«Бал Текстиль» ЖШС құрылтайшысы Талғат Исхахов импорттық өнімдерге қатысты демпингке қарсы шараларды қолдануды ұсынды. Кілем фабрикасы директорының айтуынша, әлемдегі геосаяси жағдайларға байланысты қазақстандық тауар өндірушілер демпинг фактілерімен және басқа елдердің өндірушілері тарапынан жосықсыз бәсекелестікпен күресуге мәжбүр. Бұл жағдай кондитерлік өнімдер, азық-түлік, бал, тоқыма саласында айқын көрінеді деген кәсіпкер қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қорғауды күшейтуге көмектесуді, атап айтқанда, жаңа Салық кодексі шеңберінде импорттық тауарларға ҚҚС ұлғайтуды қарастыруды сұрады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл кәсіпкерден ҚҚС мөлшерін нақтылау қажеттілігін айта отырып, сұрақты орталық деңгейде қарастыруға дайын екенін жеткізді.

«Retail Stores Kazakhstan» ЖШС бас директоры Наргиза Керімбаева маркетплейстердегі тауарлар саудасы бойынша банктер комиссиясының мөлшері және кәсіпкерлерге арналған критерийлер түріндегі салық жүктемесін азайту қажеттілігі туралы мәселені көтерді.

Сонымен қатар, кездесуге Түркістан және Жамбыл облыстарының мемлекеттік органдарының басшылары мен кәсіпкерлері онлайн қатысты. Кәсіпкерлер таяу шетелден жұмыс күшін жұмылдыру, жекеменшік білім беру мектептеріндегі бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен және оларды оқулықтармен қамтамасыз ету, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, мемлекеттік актіні алу, Бас жоспардың егжей-тегжей жоспарлау жобасына өзгерістер енгізу сияқты мәселелерді көтерді.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров барлық сұраққа өзінің жұмыс бағыты бойынша жауап берді, ал кейбір жағдайларда кәсіпкерлерге жазбаша өтінім жіберуді ұсынды және бизнестің проблемалық мәселелерін республикалық деңгейде қарастыруға дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер