«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Абай облысындағы шетелдік рұқсат қағаздардың тапшылығы: мәселе қашан шешіледі?

2024 жылғы 04 Қараша
- Абай облысы
396 просмотров

Абай облысының Кәсіпкерлер палатасы қазақстандық халықаралық тасымалдаушыларға шетелдік рұқсат қағаздарының (ШРҚ) тапшылығы мәселесін бірнеше рет көтерді. Палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесі бұл мәселені кезекті отырысында қайта талқылады.

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктік бақылау комитетінің телеграм-каналында жарияланған мәліметке сәйкес, ШРҚ бланкілері еліміздің басқа өңірлерінде бар болғанымен, Абай облысында жоқ. Салдарынан, тасымалдаушылар тауар жеткізу мерзімдерін бұзып, келісім-шарттық міндеттемелерін орындай алмай, айыппұлдар мен қаржылық шығындарға тап болуда.

Осы себепті, «KZ Логистика» ЖШС директоры Қуралай Абеуханова мен «ProfТранс-KZ» ЖШС директоры Максим Меньшиков Абай облысының Кәсіпкерлер палатасына құқықтарын қорғау мақсатында жүгінді.

Жиында Кеңес мүшелері келесі ұсыныстарды білдірді: ШРҚ көлемін ұлғайту, ШРҚ бланкілерін Қазақстан шекарасында транзиттік декларация толтырған кезде беру, және Ресей мен Беларусь елдеріне салынған санкцияларға байланысты жүк тасымалына сұранысы бар Еуропа нарығын игеру.

«Ақпаратқа сәйкес, қазіргі таңда Ресей рұқсат қағаздары жетіспейді. Бұл мәселені Премьер-Министр қадағалап отыр. Қарашаның басында Қытайға кіруге рұқсат қағаздары беріле бастайды, ал Ресейге ШРҚ-лар қарашаның ортасында қолжетімді болады. Қосымша ақпарат түскенде, біз тасымалдаушылардың чатына хабарлаймыз. Қазіргі геосаяси ахуалды ескере отырып, сіздерді Еуропа нарығына шығуға шақырамын. Бұл жерде жүк тасымалына сұраныс бар, әрі тікелей байланыстарды орнату мүмкіндігі де бар», – деп мәлімдеді Абай облысы бойынша көлік инспекциясының басшысы Арман Ертурин.

Абай облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Сүйчинов ұсынысты қолдады:

«Шынында да, назар аударсаңыз, бұл нақты әрі тиімді ұсыныс. Егер тұрақты, салмақты бизнесті бастағыларыңыз келсе, сапалы жұмыс істеу қажет. Ештеңе оңай берілмейді, қазір қорқатын уақыт емес. Біз әрдайым сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Мақсат Сүйчинов.

Абай облысы бойынша көлік инспекциясының басшысы сонымен қатар ресейлік рұқсат қағаздарының болмауына байланысты тасымалдаушылар үшін жеңілдетілген шарттар енгізілгенін айтты:

«Ресей тарапынан рұқсаттың жоқтығынан кешігулер болған жағдайда, бұрын тек айыппұл ғана емес, тасымалдаушылардың жүктерін ұстап қалу да орын алған. Бірақ екіжақты келіссөздерден кейін тасымалдаушылар ШРҚ орнына Көлік бақылау комитетінен рұқсат бланкінің жоқтығы туралы жазбаша дәлел ұсына алатын жаңа ережелер қабылданды. Дегенмен, айыппұл төленеді. Бірақ бұл бүлінген жүкке қарағанда әлдеқайда тиімді», – деп түсіндірді Арман Ертурин.

Күн тәртібіндегі екінші маңызды сұрақ – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Бизнеске жол» жобасын іске асыру болды. Жоба мақсаты — әкімшілік кедергілерді жою және бизнестің заңды мүдделерін қорғау. Жыл басынан бері жоба аясында екі мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалып, сегіз мәселе шешілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баяндамашысы Саят Базановтың айтуынша әкімшілік кедергілерді жою үшін Агенттік кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың іс-әрекеттеріне шағымдануы бойынша сот істірін СЖҚА нормаларының шеңберінде мұқият талдайды.

Жиын қорытындысы бойынша Кеңес кәсіпкерлердің құқықтық жағдайын жақсарту үшін қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер