«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қазақстан-Словакия: өзара ынтымақтастықтың жаңа белесі

2024 жылғы 03 Қазан
4155 просмотров

«Атамекен» ҰКП алаңында Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова словакиялық компаниялардың өкілімен кездесті.

Кездесу мақсаты – ҚР-дағы бизнес-мүмкіндіктерді, жобаларды және инвестициялық әлеуетті талқылау арқылы Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту. 

Словакия делегациясын SARIO агенттігінің өкілі (Словакияның инвестициялар мен сауданы дамыту агенттігі) Адам Чука басқарып келді.

Өз сөзінде Г. Бижанова Қазақстан-Словакия қатынастары туралы айта кетті. Ол Словакия Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды сауда - экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар дамыған өңдеу және қайта өңдеу өнеркәсібі, электроника, машина жасау, оның ішінде қорғаныс өнеркәсібі, инжиниринг және ақпараттық технология салалары еліміз үшін қызығушылық тудыратынын жеткізді.

2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $138,9 млн (+13,3%) құрады, оның ішінде экспорт – $2,2 млн (+14,8%), импорт – $136,7 млн (+13,3%). 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында $50,1 млн құрады (экспорт $0,9 млн. импорт – $49,2 млн.)

Сондай-ақ, Палата қызметі, мақсаты мен міндеттері туралы толық мәлімет берді. 

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту талқыланды.

Өзара ынтымақтастықтағы салалардың бірі – машина жасау болып отыр. Бұл еліміз үшін экспорт-импорт ғана емес, сондай-ақ осындай өндірістерді тиімді ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасудың кең мүмкіндігін ашады. Бұдан бөлек, инжиниринг және құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика, ақпараттық технологиялар және ауыл шаруашылығы өзара тиімді ынтымақтастық үшін перспективалы салалар ретінде аталды.

Кездесуге қатысушылар белсенді сұрақ қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

Соңында Г. Бижанова словакиялық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетіп, жобаларды одан әрі кеңейтуге шақырды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер