«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада "Бір ауыл-бір өнім" жобасының жеңімпаздары анықталды

2024 жылғы 01 Қазан
- Қызылорда облысы
2086 просмотров

Қызылорда облысында өңірден жеңімпаздарды анықтау бойынша "Бір ауыл-бір өнім" жобасының бренд - комитет отырысы өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 25 шілдеде жобаға қатысқан 50 жергілікті тауарөндірушінің көрмесі ұйымдастырылып, жұмыс тобы 10 жартылай финалистті іріктеп алған болатын. Олар:

Көшжанова Жұлдыз - жантақ шайы /Арал ауданы/

Сексенбаева Роза - ешкі сүтінен жасалған сүт өнімдері /Қазалы ауданы/

Орекешова Зауреш - шұжық өндірісі /Арал ауданы/

Қазбергенов Нұрбек -Қазалы кәмпиттері /Қазалы ауданы/

Зылиха Календер - шиден жасалған бұйымдар / Шиелі ауданы/

Ермаханова Айнұр - ет-сүт өнімдері /Қызылорда қаласы/

Райс Гафур - бал өндірісі /Сырдария ауданы/

Смағұлов Нұрлан - бөдене құс шаруашылықтары /Қызылорда қаласы/

Жаппасбаева Ұлпан - жартылай фабрикаттар /Қызылорда қаласы/

Ишанова Мархабат-қарағаштан музыкалық аспаптар (домбыра) /Қызылорда қаласы/

 Отырыс барысында жартылай финалистер өз өнімдерін таныстырып, өндіріс барысында кездескен мәселелерімен және жоспарларымен бөлісті. Осы орайда, бренд комитет мүшелері әр кәсіпкерге қосымша сұрақтар қойып, ұсыныстар беріп отырды.

 Іс - шара Қызылорда облысы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Қаниұлының төрағалығымен, кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықтың қатысуымен өтті. Бренд-комитеттің құрамына облыс әкімінің орынбасары, мемлекеттік мекеменің, бизнес қауымдастықтардың, қаржы институттарының, қоғамдық кеңестің, өңірлік және салалық кеңестердің өкілдері, іскер әйелдер кеңесі және БАҚ өкілдері кірді.

Отырыс қорытындысы бойынша үш кәсіпкер үздік деп танылды:

  1. Ишанова Мархабат Мамбетәлікызы - қарағаштан домбыра жасау;
  2. Сексенбаева Роза Жақсылыққызы - ешкі сүтінен жасалған сүт өнімдері;
  3. Орекешова Зәуреш Артықбайқызы - түйе етінен шұжық өнімдерін дайындау.

"Біз үшін барлық қатысушы жеңімпаз, себебі әрбіріңіз өз салаңыздың үздігісіздер. Осы ретте бренд комитет мүшелеріне тек үш жеңімпаз таңдау оңайға соққан жоқ. Бақытымызға орай, байқау жыл сайын өтеді. Бүгінгі жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, бізді алда нәтижелі және жемісті жыл күтіп тұр дегім келеді", - деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық.

 Жеңімпаздарға өндірісті кеңейту және экспортқа шығу бойынша палата тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Бренд комитетінің мүшелері отырысқа келген барлық кандидаттарға бизнесті масштабтау және өнімнің нарықтық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша кеңес берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер