Палата - кәсіпкер мен билік арасындағы алтын көпір
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, палата директоры Пірмұхаммед Сыздық және облыстық кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрхожаев мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобын құрып, Арал ауданы кәсіпкерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Алдымен палата өкілдері Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевпен кездесіп, Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту Тапсырмасын талқыласа, әрі қарай, жергілікті кәсіпкерлер көрмесін тамашалады. Көрмеде 20-дан аса кәсіпкер өздерінің түрлі азық-түлік өнімдерін, қолөнер бұйымдары, тұрмыстық заттар өндірісінің және құрылыс заттары мен тігін шеберханасының өнімдерін ұсынды.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов өз кезегінде Палата жұмысы мен Өңірлік кеңестің ондағы рөлін ашып айтты. Палата директоры П.Сыздық жұмысшы топтың миссиясын және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау түрлеріне тоқталды.
«Кәсіпкерлік саласында бүгінгі күні проблемалық мәселелер жетерлік. Осы орайда, аудандардағы мал, егін шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне мал-жайын тастап, қалаға шаруаларын шешуге бару үшін кемі 2-3 күн уақыты кетеді. Осыны ескере келе, біз мемлекеттік және құзырлы орган өкілдерінен құралған жұмысшы топ құрып, сіздердің алдарыңызға келіп отырмыз. Бүгін сіздер өздеріңізді толғандырған барлық сұрақтарыңызды қойып, еркін форматта ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар» -деді П.Сыздық.
Сондай-ақ халық арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуге келген арнайы делегация аймақ көлемінде кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар және осы тарапта кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтерді айтып өтті. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында прокуратура органдары тарапынан жүргізілген шаралар жөнінде аудандық прокурор Р. Нұрлыбаев баяндады.
Жиынға қатысқан аудан кәсіпкерлері өздерін толғандырған сұрақтары мен талап-тілектерін жеткізсе, оның ішінде көп сауал Арал ауданына тән балық және мал шаруашылығына қатысты болды. Мамандар тарапынан кәсіпкерлерге өз ретінде тұшымды жауап беріліп, уақыт еншісіндегі мәселелер Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық өкілі Нұрсауле Ембергеноваға тапсырылды. Алдағы уақытта ұсыныстар салалық және Өңірлік кеңестерде талқыланып, мәселелердің шешілуі жолында жұмыстар атқарылатын болады.
Қызылора облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікір қалдыру:
Пікірлер: