«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Салалық кеңес аясында шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің аяқталуына қатысты мәселелер талқыланды

2023 жылғы 22 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
6437 просмотров

Атамекен кәсіпкерлер палатасының алаңында «Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты» кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібіндегі басты тақырып - 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Кездесуге Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры, қызметкерлері, кеңес мүшелері, құзырлы орган өкілдері, кәсіпкерлер және бейне байланыс арқылы аудандық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Кеңес отырысын «Адами капиталды дамыту және бизнестің әлеуметтік саясаты кеңесінің» білім саласы кіші кеңесінің жетекшісі Руслан Дүлдүл жүргізді. Алғы сөзді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық сөйлеп, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторийдің аяқталуына байланысты ақпаратқа тоқталып өтті.

Әрі қарай, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі, облыстық мәдениет және спорт басқармасы, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Қызылорда облысы полиция департаменті және Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқарамсының өкілдері өз тараптарынан мораторийдің аяқталуынан кейінгі шаралар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

         «Бүгінгі таңда білім саласында кәсіпкерлерге қатысты ең көп көтерілетін мәселе - метепке дейінгі білім ұйымдарына қатысты. Бізге келіп түсетін арыз-шағымның көп үлесі осы балабақшаларға тиесілі. 2024 жылдан бастап метепке дейінгі білім ұйымдарының әлеуметтік осал топ саналатын балалары ыстық тамақпен қамтылмақ. Осы себепті, біз қазірден бастап барлық заң талаптары сақталып, заңнама аясында жұмыс жасауын сұраймыз», - деді Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің маманы  Жазира Аекенова.

 «2024 жылы мораторий аяқталды екен деп барлық құзырлы орган өкілдері жаппай тексеруге шығып кетеді деп ойлау, қате түсінік. Біздің басты міндетіміз, жасөспірімдердің беймезгіл уақытта жүрмеуін және оларға спирттік ішімдіктер сатылмауын қадағалау, тәртіп бұзушылыққа жол бермеу. Осы орайда, барша алкоголь өнімін сататын кәсіп иелері, әсіресе үлкен сауда орталықтары осыны ескерсе дейміз», - деді Қызылорда облысы полиция департаментінің аға инспекторы Рауан Әлдешев.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - Кәсіпкерлік субъектілерінің көрнекі ақпаратты тіл заңнамасының талаптарына сәйкес орналастырылуын қамтамасыз ету шаралары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу.  

Бұл ретте облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Ләззат Есім өз сөзін «Біз өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қаламыздағы тамақтану орындарындағы ас мәзірінің мемлекеттік тілде жазылуын жолға қойып келеміз. Сонымен бірге, кәсіпкерлерге ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты аймақтағы барша бизнес нысандарының маңдайшаларын мемлекеттік тілде болуын қамтамасыз етуін сұраймыз.2024 жылдан бастап осы мақсатпентексеру жұмыстары жүргізілетін болады» деп қорытындылады.

Кәсіпкерлер тарапынан қазіргі қоғамдағы тіл мәселесінің өзектілігіне байланысты алдағы уақытта бұл тақырыпта арнайы кездесу болса деген ұсыныс айтылды.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі


Еншілес ұйымдар

Серіктестер