«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада кәсіпкерден негізсіз төлем сұратқан білім саласының 43 өкілі тәртіптік жазаға тартылды

2023 жылғы 25 Қаңтар
- Қызылорда облысы
8675 просмотров

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында білім саласының 43 өкілі тәптіптік шараға тартылды. Себебі мектеп басшылары асханадағы ас мәзірін kundelik.kz, mektepmenu.kz сайттарына орналастыру үшін ай сайын 6000 теңге бөлуді сұрап кәсіпкерлерге хат жолдаған.

Бұл мәселе өткен жылдың соңында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте қаралған болатын. Жақында аудандық прокуратурадан шешілгені туралы хат түсті.  

Мәселе мынада. «Қамқор-тұтыну» ЖШС директоры Зиагаладин Өтенов Арал ауданындағы мектеп басшыларымен асханада балаларға ыстық тамақ беру қызметін көрсетуге келісімшарт жасайды.

Алайда өткен жылдың 15 қыркүйегінде мектеп басшысы ас мәзірін kundelik.kz сайтына орналастыру үшін ай сайын 6000 теңге төлеуді сұрап, кәсіпкерге хат жолдайды. Кәсіпкерге бұндай талапты Арал ауданындағы өзге де мектеп басшылары да қояды. Кәсіпкер 6 мектепке 1 айдың қызмет ақысы 42 мың теңгені төлейді. Бірақ одан әрі төлеуге «салмақ» болатын ескеріп, Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалына құқығын қорғауды сұрап, жүгінеді.

Аудандық филиал директоры Нұрсәуле Ембергенова мектеп басшыларының әрекетіне құқықтық баға беру үшін аудандық прокуратураға хат жолдайды және жағдайды облыстық кәсіпкерлер палатасына баяндайды.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері мәселені жан-жақты зерделеп, Палата жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қарауға шешім қабылдады.

«Кеңес құрамында кәсіпкерлерден өзге құқық қорғау органдарының да өкілдері бар. Кеңес отырысына кәсіпкер онлайн қатысты. Проблемасын айтқан кезде кеңес мүшелері бірауыздан мектеп басшыларының әрекеті заңсыз екенін айтты. Облыстық прокуратура өкілі кәсіпкердің бұл шағымының негізінде аудандағы өзге де мектептердегі жағдайға талдау жасайтынын жеткізді», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан.

Жақында Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықовтың атына Арал ауданының прокуроры Мадияр Бекпановтан хат келді.

Хатта: «Білім беру ұйымдары MektepMenu оқушылардың күнделікті мәзірін жариялауға арналған платформасын пайдалану үшін кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз төлем жасатқаны анықталды. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша білім бөліміне ұсыну енгізілді. Қорытындысымен кәсіпкерлердің негізсіз төленген 500 мың теңгеге жуық ақшасы қайтарылып, 8 кәсіпкердің бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Заң бұзушылыққа жол берген білім саласының 43 өкіліне тәртіптік шара көрілгенін білдіремін», – деп жазылған.

Кәсіпкерлер палатасы құқығы бұзылған бизнес өкілдерін Палатаға жүгінуін сұрайды.

Мекенжайымыз: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата, 123 үй «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер