«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы: «Қызылорда су жүйесі» мекемесінен 900-ге тарта кәсіпкер зардап шегуі мүмкін»

2022 жылғы 12 Қазан
- Қызылорда облысы
8808 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің бүгінгі таңда ұстанып отырған саясатынан 900-ге тарта кәсіпкер зардап шегуі мүмкін деп санайды. Солардың бірі «Ильяс Строй Сервис» ЖШС мен ЖК «RoyalLuxe».

Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу конкурсының аясында 50 млн теңгеден астам қаржының тауарын алып беріп, жұмысын жасау үшін «Су жүйесімен» келісім шартқа отырады. Олар шартқа сай міндеттемесін толық орындап, тапсырыс беруші қабылдау актісіне қол қояды. Алайда кәсіпкерлерге әлі күнге ақшасы аударылмаған және қашан төленетіні де белгісіз.

Облыс орталығын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің қарызы бұнымен шектелмейді. Оның соңғы үш жылда бюджет, банк, жұмысшылары мен тағы да басқа ұйымдардың алдындағы қарызы 800 млн теңгеден асып кеткен.

Мекеме тығырықтан шығу үшін сотқа оңалту рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Осылайша осы жылдың тамыз айынан бастап «Су жүйесі» мекемесі оңалту режимі қолданылатын ұйымдардың қатарында.

Бұл жағдай кәсіпкерлерге қалай әсер етеді?

Еліміздегі «Оңалту және банкроттық туралы» заңға сәйкес оңалту рәсімін қолданатын ұйымдар бірінші кезекте жалақы, бюджетке төленетін міндетті төлемдер, банктің алдындағы берешек секілді қарыздарын төлейді. Кәсіпкерлерге қарызы ең соңында қаралады екен. Нақты төлеу мерзімі белгісіз.

Енді мына жердегі мәселеге мән берсек, сот шешімі бойынша кәсіпорын оңалту рәсімін қолдану туралы шешім заңды күшіне енген күннен бастап үш айдан кешіктірмей кредиторлар жиналысы бекіткеннен кейін сотқа оңалту жоспарын ұсынуға міндетті. Оңалту жоспары ұсынылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде сот ұйғарымымен бекітіледі. Оңалту жоспарын бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енгенге дейін оңалтуды басқарушы кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге міндетті.

«Біздің жағдайымызда «Су жүйесі» мекемесі оңалту рәсімін қолданып жатқаны туралы кәсіпкерлерге ескертпеген. Соның салдарынан кәсіпкерлер тізілімге енгізу үшін уақытында ұсыныс беріп үлгермей отыр. Мемлекеттік сатып алудың электрондық веб-порталынан алынған мәлімет бойынша мекеме 905 кәсіпкермен 873,3 млн теңгеге келісім шартқа отырған, яғни «Ильяс Строй Сервис» ЖШС мен ЖК «RoyalLuxe» кездескен проблема алдағы уақытта 905 кәсіпкерде де болуы мүмкін», – дейді Кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюпова.      

Бұл проблема жақында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында да қаралды.

Отырыста кеңес мүшелері «Су жүйесі» мекемесі қызметінің қаржылық жағдайына қолданыстағы заң аясында  тексеру жүргізу туралы ұсыныс берді. Қазір Кәсіпкерлер палатасының мамандары бұл бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық прокуратурамен бірге жұмыс істеп жатыр.

«Сонымен бірге біз қазір «Су жүйесінен» қарызын ала алмай жүрген өзге де кәсіпкерлердің Палатаға жүгінуін сұраймыз. Мәселені қазір шешпесе алдағы уақытта ушығып кетуі мүмкін», – дейді Палата заңгері.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Қорқыт ата 123, «Бизнеске арналған Үкімет» ғимаратының 3-қабаты. Байланыс нөмірі 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер