«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Бір ауылдың 165 тұрғынын жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер

2022 жылғы 17 Тамыз
- Қызылорда облысы
8112 просмотров

Бүгін Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылында 165 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Тұрмағамбет» ЖШС-і туралы айтпақпыз.

2004 жылы құрылған серіктестік негізі күріш егумен айналысады.

Биылдың өзінде 1700 гектар жерге күріш еккен. Сондай-ақ, жаздық бидай, жоңышқа, мақсары да өсіреді.

Біздің сауалдарымызға жауап берген серіктестіктің қызметкері Бағдәулет Зайыров жоғарыда айтқан өнімдерден өзге макаронның 5 түрін, сүт өнімдерінің де түр-түрін әзірлейтіндерін жеткізді. Сонымен қатар, қоршауға арналған сетка шығаратын шағын цехтары да бар.

«Бізде сүт өнімдеріне сұраныс жоғары. Бір литрлік ыдыстармен есептегенде айына 3700 дана қатық, 500 дана кілегей, 1500 дана қаймақ дайындаймыз. Оларды Жосалы кенті мен Байқоңыр, Төретамға және Жалағаш аудандарына жібереміз. Оның үстіне жазда балмұздақ та жасаймыз. Оны сатпаймыз, ауыл балаларына тегін таратып береміз», – дейді «Тұрмағамбет» ЖШС өкілі Бағдәулет Зайыров.

Ал макаронды серіктестік ауданның ішінде сатады. Әуелі жұмысшылардың сұранысынын толық қамтып, содан кейін барып дүкендерге орналастырады екен.

«Қазір мекемемізде 165 адам жұмыс істейді. Өнімдердің барлығын өзіміздің ауылдың тұрғындары, яғни серіктестіктің жұмысшылары шығарады. Сетка мен макарон өнімдерін шығарумен айналысатын мамандарымызды Шымкентте, ал сүт өнімдерін дайындайтындарды Алматы қаласында оқытып алдық, тәжірибеден өткіздік. Сапасына қатысты сын болған емес», – дейді Тұрмағамбет» ЖШС өкілі.

«Тұрмағамбет» ЖШС-і алдағы уақытта пескоблок, газоблок шығаратын шағын цех ашуды жоспарлап отыр. 

«Қазір Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 104 мыңнан асты. Оның 6 447-сі биыл ашылған», – деді Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов.

Айта кету керек, статистикалық ақпарат бойынша, осы жылдың 1 шілдесіне дейін облыста тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 59 023-ке жетті.

Ал кәсіпкердің өніміне қатысты сауалдарыңыз болса мына нөмірге хабарласа аласыздар: 8 705 723 50 90.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер