«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада кәсіпкерден заңсыз алынған салық қайтарылды

2022 жылғы 02 Маусым
- Қызылорда облысы
7790 просмотров

Қызылордада жеке кәсіпкерді заңсыз тексергені үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы «сөгіс» алып, кәсіпкерден өндірген салық төлемі қайтарылды.

Осы жылдың ақпанында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкер Әбунасыр Алдабергенов құқығын қорғауды сұрап, өтініш білдірді.

Кәсіпкердің айтуынша, өткен жылдың желтоқсанында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары ешқандай ескертусіз, сырттай бақылау жасап, нысанда тұрған ақпараттық тақтаны өлшеп алып кетеді. 7 желтоқсанда «сыртқы жарнама құралы» деп бағалап, кәсіпкерге 14 585 теңге төлемақы төлеуді міндеттейді.

Қала әкімдігіне қарасты жауапты бөлімнің берген ақпараты негізінде қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкердің есеп шоттарын бұғаттап, берешек сомасына тікелей өкім қояды. Нәтижесінде үш банктік шотынан берешек сома артығымен ұсталады. Қосымша шоттары бұғатталған кәсіпкер өзге несиелік міндеттемелерін уақытылы төлей алмай, кешіктіреді.

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері өтінішті жан-жақты зерттеп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерінің заңдылығына құқықтық баға беруді сұрап, хат жолдаған.

Министрліктен: «Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауға мораторий енгізілгенін атап өтеміз. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге тыйым салынады. Осылайша, бақылау органдарының мемлекеттік бақылау нысандарының өзге де түрлерін жүргізуге, сондай-ақ бақылау нәтижелері бойынша Кодексте және заңда көзделмеген құжаттарды жіберуге құқығы жоқ», – деген жауап келді.

Бұдан бөлек, Палата мамандары қалалық әкімдікке қарасты бөлімнің тексеруі арнайы есепке алынбағанын да анықтады. Қажетті құжаттар жинақталғаннан кейін Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкердің атынан берген шағымы негізінде қалалық прокуратура заң бұзушылықтарға жол берген бөлім қызметкерінің тәртіптік жауаптылығын қарау және кәсіпкерге берілген ескертпе хатты жою жөнінде қала әкімінің атына прокурорлық ықпал ету актісін енгізді.

Нәтижесінде бөлім қызметкері Мақсат Абдинабиге «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза беріліп, кәсіпкерге берілген ескертпе хаттың күші жойылды. Сондай-ақ, кәсіпкердің есепшотынан алынған қаржы толық қайтарылып, кәсіпкердің құқығы қорғалды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер