Палата шиелілік кәсіпкерлердің құқығын қорғады
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы заңгерлері қорғаған бұл іс өзгелерге қарағанда ерекше болып шықты.
Шиелі ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Алтынгүл Керімова өткен жылы Кәсіпкерлер палатасынан дүкенін жабылудан қорғауын сұрап, өтініш білдірген еді.
Алтынгүл Керімовамен бірге өзге 3 дүкен иесін аудан тұрғыны сотқа берген. Тұрғынның сотқа шағымдануына көпқабатты тұрғын үйдің жанында дүкендердің орналасуы себеп болады.
Ол талап арызында әкімдікке шағымданғанында көпқабатты тұрғын үйдің жанында кәсіпкерлік нысан ашуға рұқсат берілмегені жөнінде ресми жауап алғанын жазған. Қосымша дүкендердің өрт қауіпсіздігіне, өзге де талаптарға сай келмейтінін көрсеткен.
Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері мәселені зерделеу барысында Шиелі кенті әкімдігінің 2009 жылы аталған тұрғын үйдің 1-қабатындағы 47,7 шаршы метр жерді тұрғын үй қорынан шығарып, қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беретін шешім шығарғанын анықтады.
Сонымен қатар, арызданушы тұрғынға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі тұрғын үй іргесінде орналасқан дүкендерге бөлім тарапынан рұқсат беретін құжаттар – сәулет жоспарлау тапсырмасы және эскиздік жобасына келісім берілмегенін жеткізген.
Ал Кәсіпкерлер палатасының мамандары осы бөлімнің 2009 жылы эскиздік жобаны бекіткен, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйдің жанынан салынған сауда дүкен құрылысын қабылдау актісіне қол қойғанын дәлелдейтін құжаттарды табады.
Сондай-ақ, кәсіпкердің қолында 2009 жылы Шиелі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің өртке қарсы жоспарланған қорытындысы, аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының сауда дүкені құрылысының САНПИН талаптарына сай екенін дәлелдейтін ұйғарымы және өзге де кәсібін жүргізуге рұқсат беретін құжаттар түгел болып шықты.
Сот отырысында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары, Қызылорда облысындағы бизнес-омбудсменнің өкілі Салават Құлмахан осы дәлелді себептерді алға тарта отырып, 4 кәсіпкердің де құқығын қорғап шықты.
«Конституцияда «Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқы бар» деп жазылған. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау барысында осы қағидаларды басшылыққа алдық. Алдағы уақытта мемлекеттік орган өкілдері кәсіпкерлерге қатысты ресми ақпарат берер алдында ақпараттың дәлел екеніне көз жеткізуін сұраймыз. Біздің жағдайда кәсіпкерлер бірнеше ай көлемінде сот процестерімен жүріп, негізгі қызметімен еркін айналысуына кедергі келді», – дейді Палата директорының орынбасары Салават Құлмахан.
Жыл басынан бері Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен құқығын қорғауды сұраған 92 арыз түсті. Палата заңгерлері 19 өтініш бойынша кәсіпкерлердің құқығын қорғады. Нәтижесінде 39,2 млн теңге қаржысын сақтап қалды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: