«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық шаруалар машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр

2022 жылғы 21 Сәуір
- Қызылорда облысы
9056 просмотров

Бүгін «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов Қызылорда облысына Ұлттық палатаны трансформациялау аясында жұмыс сапарымен келді. Аймақтағы кәсіпкерлер Палата өкіліне шағын және орта бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, субсидия бөлу және басқа мәселелерді жеткізді.

Сапар барысында Нариман Әбілшайықов палатаны реформалау тәсілдерін талқылау үшін трансформация жөніндегі жұмыс тобына кірген белсенділермен кездесіп, Өңірлік кеңес отырысында аталған мәселені бірге талқылады. ҰКП трансформациялау жұмыс тобының мүшесі Болат Нұрхожаев Палата туралы заңды өзгертуге беріліп жатқан ұсыныстарды дұрыстап саралау керегін айтты.

«Біз трансформация жасаймыз деп жүріп 8 жылда Үкімет пен Президент санасатын орган болған  ұйымның жұмысын бұзып алмауымыз керек», – деді Болат Нұрхожаев.

Жиында аймақтағы кәсіпкерлердің проблемалары да талқыланды. Ол шараға облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов пен салалық басқарма басшылары қатысты. Кәсіпкерлер ауыл шаруашылығына қажетті техникаларға берілетін мемлекеттік қолдауды қайта қарау қажеттігін жеткізді.Өңірлік кеңес мүшесі, «Ысамаддин» шаруа қожалығының төрағасы Жанарбек Нұрымбетов геосаяси жағдайларға байланысты доллар курсының өзгеруі ауыл шаруашылығы техникаларының қымбаттауына алып келгенін атап өтті.

«Бұған дейін шетелдік күріш жинау комбайндарының бағасы 130-140 млн теңге шамасында болса, қазір 170-200 млн теңгеге жетті. Мемлекеттен техникаларға берілетін инвестициялық субсидияның ережесін қайта қарау керек. Себебі техника құнының 25 пайызына дейін субсидиялауды көздейтін қолданыстағы ережеде рұқсат етілген көлем ескі бағамен көрсетілген», – деді Жанарбек Нұрымбетов.

Кәсіпкердің айтуынша, фермерлердің бұдан бөлек утильалым және кеден салығы, несие жүктемелері секілді міндеттемелері көп. Оның үстіне техниканың қымбаттауы мен субсидияның азаюы салдарынан саладағы кәсіпкерлер машина-трактор паркін жаңарта алмай отыр.

Өңірлік кеңес мүшелері «Бастау Бизнес» жобасына, пайызсыз немесе 2 пайызбен несие беру, салықтық жеңілдік және коммуналдық төлем шығындарын  субсидиялау, несиені екінші деңгейлі банктермен қатар шағын қаржы ұйымдары арқылы беруге қатысты ұсыныстарын білдірді.

«Атамекен» өкілі кәсіпкерлердің уәжінен хабардар екенін айтып, мәселелердің үкімет деңгейінде шешіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, ол Ұлттық палатаның қызметі мен болашағаны бей-жай қарамай, жұмыс тобына белсене атсалысқан кәсіпкерлерге алғыс айтты.

«Бүгінгі экономикалық ахуал кәсіпкерліктің барлық дерлік саласына ықпал етіп отыр. Сондықтан айтылған мәселелердің бәрі үкімет деңгейінде талқыланады. Сондай-ақ, Ұлттық палатаның трансформациясына қатысты ұсыныстар ескеріліп, мамырда қорытынды құжат уәкілетті органға жолданады», – деп қорытындылады кездесуді Нариман Әбілшайықов.

Айта кетейік, Ұлттық палата басқармасы аймақтағы кәсіпкерлермен кездесіп, трансформациялауға қатысты ұсыныстарын талқылап жатыр. Бұған дейін Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Ақтөбе облысы, Нұр-Сұлтан қаласының бизнесмендерімен кездескен болатын.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер