«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер үшін жағымды жаңалық: газ тарату жүйелеріне қосылу үшін техникалық шарт беру басталды

2022 жылғы 21 Қаңтар
- Қызылорда облысы
7998 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлердің өткен жылдан көтеріп жүрген өзекті мәселесі шешімін тапты. 11 қаңтарда «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ жаңа коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарт беру қайта басталғанын жеткізді.

 

2021 жылдың 17 қыркүйегінде «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ бас директоры «Газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарттарды беруді тоқтата тұру туралы» бұйрық шығарған болатын. Бұйрыққа сай 11 өңірде, соның ішінде Қызылорда облысында жаңадан қосылатын кәсіпкерлік нысандарға техникалық шарт беру тоқтатылды.

 

«Кәсіпкерлік нысандарды газбен жабдықтау жүйесіне қосуға техникалық шарттарды беруді тоқтату кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай кедергісін келтірді. Кәсіпкерлер нысандарды уақытылы іске қоса алмауы салдарынан несиелік міндеттемелерді орындай алмай, қаржылық жағдайы нашарлады. Бізде бар ақпарат бойынша, облыста 27 кәсіпкерге техникалық шарт беруден бас тартылды. Шектеу шаралары өңірдің инвестициялық тартымдылығын төмендетуге және іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларды тоқтатуға алып келетін еді», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

 

Аталған мәселеге қатысты Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен газбен жабдықтау желілеріне қосуға техникалық шарттарды алуға көмек көрсету туралы бірнеше өтініш түсті. Жеке кәсіпкер Бақытбек Ербошаев пен Қайрат Досымовта та мәселесін айтып, палатаға жүгінді.

 

Кәсіпкерлер наубайхана ашу үшін жеңілдетілген несиеге құрал-жабдықтар сатып алады. Енді кәсіпкерлік нысанын газға қосайын деп «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға өтініш берсе, ұйым бас тартады.

 

Бұл мәселе Палата мамандарымен жан-жақты зерделеніп, өткен жылдың 23 желтоқсанында Өңірлік кеңес отырысында да облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандарымен талқыланды.

 

«Біздің мәселеміз Өңірлік кеңесте қаралып, оң шешілді. Палата мамандарының сүйемелдеуімен техникалық шарт алып, қазір газға қостыру жұмыстарын реттеудеміз. Наубайхана ұжымы атынан Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұжымына алғысымызды білдіреміз», – деді жеке кәсіпкер Қайрат Досымов.

 

Кәсіпкерлер палатасы бұл проблеманың аймақта кәсібін жаңадан іске қосып жатқан кәсіпкерлерге айтарлықтай кедергі болып, алаңдаушылық тудырып тұрғанын ескертіп, өткен жылдың 27 желтоқсанында «ҚазТрансГаз» ҰҚ» АҚ-ға хат жолдаған еді. Жақында мәселенің оң шешілгені туралы ақпарат алды.

 

11 қаңтарда «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ өңірлердегі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на жазған хатында: «Табиғи газ ел өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратынын, сондай-ақ Қоғамның шағын және орта бизнесті қорғауға бейінділігін ескере отырып, газ құбыры инфрақұрылымының техникалық мүмкіндігі мен жазғы және қысқы кезеңдерде жүктелуін ескере отырып, газбен жабдықтау жүйесіне жаңа коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорындарды қосуға техникалық шарттарды беруді қайта бастау қажеттілігі туралы хабарлаймыз», – деп көрсетілген.

 

Осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары көмек көрсетуге әзір. Байланыс телефоны 8 /7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер