«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасының сотта жеңген бір ісі 70-ке жуық кәсіпкердің құқығын қорғауға мүмкіндік бермек

2021 жылғы 29 Қазан
- Қызылорда облысы
6587 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының заңгерлері  авторлық қадағалауды жүзеге асыру қызметі бойынша мемлекеттік орган сотқа берген кәсіпкердің құқығын қорғап қана қоймай 1,399 млн теңгесін сақтап қала алды. Бұл жеңіс осындай жағдайға тап болған 70-ке жуық кәсіпкердің мәселесін шешеді деп күтілуде.

 

Мәселені басынан бастап айтсақ. Өткен жылы Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің әкімдігі Зеленая, Есмаханов, Әбуов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жол жөндеу жұмыстарын авторлық қадағалау қызметі үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шарты арқылы «КЭЛМОСС» ЖШС-мен келісімшартқа отырады. Кәсіпкер жалпы құны 1,399 млн теңге тұратын қызметті уақытында сапалы орындап берді. Сол мезетте тапсырыс беруші Белкөл кенті әкімдігі тарапынан кәсіпкерге ешқандай шағым болмаған.

 

Алайда биыл тамызда кент әкімдігі кәсіпкерді аяқ астынан сотқа беріп, көрсетілген қызметке төленген қаржыны бюджетке қайтаруын сұраған. Оқиғаның былай өрбуін күтпеген кәсіпкер құқығын қорғауын сұрап Кәсіпкерлер палатасына өтінішпен шықты.

 

 Палата заңгерлері құжаттармен танысу барысында Белкөл кенті әкімдігінің қадағалаушы орган тарапынан берген ұсынысы негізінде кәсіпкерді сотқа бергенін анықтады.

 

«Заң бойынша жолды орташа жөндеу авторлық қадағалауға жатпайды. Алайда бұл жерде кәсіпкердің кінәсі жоқ. Себебі авторлық қадағалауға бюджеттен қаржы бөліп, оған мемлекеттік сатып алу процесін ұйымдастырған, яғни тапсырыс беруші Белкөл кенті әкімдігі. Ал кәсіпкер сол кент әкімдігінің тапсырысын орындады. Қызметтің  сапасына, орындау мерзіміне қатысты ешқандай кемшілік жоқ. Ендеше неге кәсіпкер мемлекеттік органның жіберген қателігіне жауап беруі керек? Біз сотта кәсіпкердің қорғаушысы ретінде қатысқанда осы жайттарды негізге алдық», – дейді Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Салават Құлмахан.

 

Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері кәсіпкерді қорғау барысында «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы За»ң мен «Азаматтық кодекс» және «Азаматтық процестік кодекстерді» басшылыққа алды.

 

Нәтижесінде Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекеттік органның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды.

 

«Сот процесіне дайындық барысында бізге осындай проблемамен 70-ке жуық кәсіпкер хабарласты. Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласының әкімдігі сотқа талап арызбен жүгініп жатыр екен. Жақын күндері аталған мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді көздеп отырмыз. Бұл қадамдарымыз арқылы кәсіпкер мен сот, мемлекеттік органдардың, өзіміздің де уақытымызды, ресурсымызды үнемдеуге болады. Кездесу оң нәтиже бермеген жағдайда сотта 70 кәсіпкердің де мүддесін қорғайтын боламыз», – дейді Салават Құлмахан.

 

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы осы материалда көрсетілген жағдайға тап болған өзге де кәсіпкерлерді 8 /7242/ 40-09-81 байланыс нөміріне хабарласуын сұрайды.           


Еншілес ұйымдар

Серіктестер