«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жас кәсіпкер» жобасының түлегі, дизайнер Зарина Мавляни сән үйін ашты

2021 жылғы 26 Мамыр
- Солтүстік Қазақстан облысы
12565 просмотров

Бүгін Петропавлда Зарина Мавляни сән үйінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа бизнес «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының гранты арқылы жүзеге асты.

Үш жыл бұрын талантты қыз СҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Жас кәсіпкер» екі апталық курсқа қатысып, грант ұтып алды. Осы қаражатқа Зарина өзінің алғашқы тігін машинасын сатып алды. Осыған дейін ол тігін шеберлігін меңгеріп, тапсырыстарды қолмен тігетін.

 «Кәсіппен осыдан жеті жыл бұрын айналыса бастадым. Бастапқыда моншақ, страз және түрлі фурнитура саттым. Кейін өзім қолөнерге қызыға бастадым. Ең әуелі ободок, әшекей, брошка жасап жүрдім, сол кезде осы әшекейлерге үлкен сұраныс болды, кейін ұлттық нақышта сәукеле, кеудешелер, камзол тіге бастадым. Осы ретте тігіншілікпен айналыссам екен деп армандадым, сол арман орындалды. Түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, біліктілігімді арттырдым. 2019 жылы «Жас кәсіпкер» курсына қатысып, грант ұттым. Осы ақшаға тігін машинасын алдым. Тігім машинасымен жұмысым жеңілдеді, тапсырыс көбейді. Енді той көйлектерді тігуге көштім. Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 5 млн теңге мөлшерінде екінші грантты ұтып алдым. Осы қаражатқа біз өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алып, бизнесті кеңейте аламыз. Армандар орындалады!», – дейді Зарина Мавляни.

Зарина Мавляни сән үйінде клиент дайын өнімді сатып алып қана қоймай, жеке тапсырыс жасай алады, өйткені дайын өнім бутигінің жанында ателье бар. Дизайнер ұлттық нақыштағы киім мен атрибутикаға деген сұраныс үлкен екенін айтты, мында той көйлектері ғана емес, сонымен қатар іскерлік костюмдер де бар.

 «Жас кәсіпкерлер» және «Бастау» сияқты оқу курстарының түлектері өз бизнестерін табысты дамытқанына қуаныштымыз, мысалға Заринаның табысты кәсібін айтуға болады. Бір грантты жеңіп алғаннан кейін ол өзінің тұрмыстық болса да алғашқы тігін жабдықтарын сатып алды, бұл бастама оған үйлену көйлектерін тігуді бастауға мүмкіндік берді. Кәсіпті ретке келтіріп, ол мұнымен тоқтамай, одан әрі дамудың сенімді курсынан өтті, нәтижесінде бүгінде сән үйі ашылды! Қазір оның қол астында тігін жабдықтарының өндірісі бар, демек, онымен бірге кәсіп ауқымы артады, сатылым көбейеді. Сонымен қатар, осы жобаны іске асыру қосымша үш-төрт жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді», – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.

 СҚО Кәсіпкерлер палатасы Іске әйелдер кеңесінің мүшелері жас дизайнерді құттықтауға келді.

 «Петропавлда осындай сән үйінің ашылуы зор қуаныш. Сән үйі ұлттық нақышта әдемі, сәнді әрі бірегей стильде киінгісі келетін жандардың жиналатын орынға айналады деп ойлаймын. Өйткені Зарина Мавляни өзіндік стиль қалыптастырған өз ісініңі шебері. Оның жұмыстары ерекше. Осында қыз ұзату, тұсау кесер өткізуге арналған әшекейлер мен ұлттық киімдердің топтамалары бар, келешкте мында этностильде киінгісі келетін әйелдерге іскерлік костюмдер тігіледі деген ойдамын», –  деп атап өтті СҚО Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, СҚО ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің жетекшісі Күлімкөз Смайылова.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер