«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастаулық» түлек: «Кәсіппен айналыссаң ешкімге тәуелді болмайсың»

2021 жылғы 26 Мамыр
- Қызылорда облысы
6828 просмотров

Кәсіппен айналыспас бұрын түрлі салада жұмыс жасап көрген қызылордалық Төлеген Қабылов «Бастау» жобасы ешкімге тәуелді болмауға үйреткенін айтуда.

Төлеген Арал ауданының тұрғыны. Өзінің жеке кәсібін ашамын дегенше құрылысшы да, күзетші де болып көрген. Бірақ қалаған жұмысы болмағандықтан аталмыш салаларда дамуды көздемеген де.

«Бірде Алматы қаласында тұратын ағам ұялы телефондардың аксессуарларын алып-сатумен неге айналысып көрмейсің деді. Ағамның ұсынысы ұнап қалды. Нарықты зерттеп көріп, осы салада жұмыс жасау туралы шешім қабылдадым», - дейді кәсіпкер.

Ол алғашында алып-сатумен ғана айналысып жүреді. Уақыт өте келе ұялы телефондарды жөндеуге машықтанып, бұл саланы да игереді.

«Алғаш телефондарды жөндеуді қолға алғанымда біраз қиналдым. Бастапқыда дұрыс жөндей алмай, тапсырыс берушіге жаңадан ұялы телефон алып берген кездерім де болды. Тәжірибені қателесіп жүріп жинадым. Қазір, шүкір, қызметіме сұраныс жоғары», - дейді Төлеген Қабылов.

Төлеген ұялы телефондарды жөндеуді кәсіпке айналдыруды жоспарлап жүргенінде ауылдастарынан «Бастау» жобасы туралы естиді. Жоба жөнінде Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан жан-жақты кеңес алып, 2019 жылы «Бастаудың» оқу курсынан өтеді.

«Жоба аясында біліктілігімді жетілдіргеніме қуаныштымын. Себебі «Бастаудың» арқасында салықтық есептіліктерді тапсыруды үйрендім. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді арнайы бір жерге барып жасау деп түсінетін едім. Өзім тіркеп, оны уақытша тоқтатып қоюды да осы курстың арқасында білдім», - дейді «бастаулық» түлек.

Төлеген Қабылов өткен жылы тамыз айында гранттық комиссия алдында бизнес-жоспарын қорғап, 555 мың теңге қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Аталмыш грантқа өзінің жеке қаржысын қосып, Қытайдан ұялы телефондарды жөндеуге арналған арнайы құрылғыларды сатып алып, бүгінде Арал ауданының тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде. Ал алдағы уақытта ұялы телефонға арналған қаптамаларды Аралда шығарғысы келеді. Ол үшін бүгінде келіссөздер жүргізіп жатыр екен.

Айта кету керек, Қызылорда облысында 2017-2020 жылдары «Бастау» жобасы бойынша 8927 азамат оқытылып, олардың 3495-інің жобасы қаржыландырылған. 2021 жылы 2500 азаматты оқыту көзделуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер