«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Мемлекеттік сатып алуда мән берілуі керек 4 % дегеніміз не?

2021 жылғы 31 Наурыз
- Қызылорда облысы
11039 просмотров

Жыл басталғалы да 3 ай өтті. Сатып алу саласындағы өзгерістерге сай «4 пайыз» ұғымы пайда болды.

«Соңғы кезде кәсіпкерлерден түсетін сауалдардың басым бөлігі осы 4 пайызға қатысты болып отыр. Түсінбей жатқан азаматтар да бар», - деген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сатып алу саласындағы сарапшысы Әйгерім Рахымжанова жаңа өзгеріспен таныстырып шықты.

Мемлекеттік сатып алулардың қағидасында егер мемлекеттік сатып алуға, яғни лоттың бөлінген сомасы жылдық көлемі тауарларда 4000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), жұмыстарда 20 000 АЕК, көрсетілетін қызметтерде 8 000 АЕК-тен асатын болса конкурс (аукцион) тәсілімен қатысатын әлеуетті өнім берушілерге қаржылық тұрақтылығы түріндегі біліктілік талабы қойылады.

«Кәсіпкердің, яғни әлеуетті өнім берушінің қаржылық жағдайын мемлекеттік кірістер органдарының кірістер, төленген салықтар, негізгі құралдар, еңбек ақы төлеу қоры секілді мәліметтері негізінде веб-портал автоматты түрде айқындайды», - дейді Әйгерім Рахымжанова.

Бүгінгі материалда біз жоғарыда айтылған ақпараттардың ішіндегі ең негізгі атап өтілуі керек талап -  биылғы жылы енгізілген өзгеріс, төленген салықтардың көрсеткіші  4 пайыздан кем болмауына қатысты айтпақпыз.

Төленген салықтардың көрсеткіші  дегеніміз – мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің деректері бойынша, өткен жылдың алдындағы 3 жылдың, яғни мысал үшін алатын болсақ өткен 2020 жылдың алдындағы үш жыл - 2017-2019 жылдар ішінде кәсіпкердің кірістерінің сомасына төленген салықтар сомасының проценттік қатынасы.

Аса мән беретін тұс та осы.Конкурста құжаттамалық талаптардан өткізілген әлеуетті өнім берушінің жеңімпаз болуына бірден бір әсер ететін өлшемшарттардың бірі - төленген салықтар көрсеткіші. Осылайша, қай әлеуетті өнім берушінің көрсеткіші жоғары болса, сол кәсіпкер жеңімпаз болуы әбден мүмкін.

Және бір айта кететін жайт, мемлекеттік сатып алу қағидасының талабына сәйкес, егер әлеуетті өнім берушінің төленген салық көрсеткіші 4%-дан жоғары болған жағдайда, веб-портал автоматты түрде әрбір 0,1 асатын пайыз үшін 0,1% мөлшерінде, бірақ 3%-дан аспайтын шартты жеңілдік береді.

Айта кету керек, былтырғы жылы төленген салықтардың көрсеткіші  3%-дан кем болмауы керек болатын.

«Сол себепті әлеуетті өнім берушілерден веб-порталдағы мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінің деректеріне мән берулерін сұраймыз. Егер де әлеуетті өнім берушілер қосымша салық есептілігін табыс еткен және салықтарды төлеген жағдайда олардың қаржылық орнықтылығы көрсеткіштері және төленген салықтары өзгереді», - деген Палата сарапшысы  кәсіпкерлерді мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтерін веб-порталда жаңарту Мемлекеттік кірістер органдары енгізген өзгерістердің дұрыстығын растағаннан кейін жүзеге асырылатындығына назар аударуға шақырды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер