«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Құрылыс материалдарына баға қарқынды өсіп жатыр

2021 жылғы 01 Наурыз
6336 просмотров

Құрылыс бизнесі өкілдерінің пікірінше,  құрылыс материалдарына бағаның өсуі тұрғын үйдің бағасына әсер етеді.

Кәсіпкерлер ҚР ИИДМ-нің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы проблемалық мәселелерді шешуге арналған Жол картасы аясында проблеманы тезірек шешуді сұрайды. Картаға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс материалдары, жабдық және еңбекақыға сметалық бағалар деңгейін нарық бағаларына сәйкестендіруге қатысты ұсыныстары енген.

 «Атамекен» ҚР ҰКП Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Назира Үсенованың айтуынша,  осыған дейін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ жинағына қайта қарау үшін «Атамекен» және құрылыс қоғамдастығы жүргізген талдау негізінде құрылыс материалдары бойынша позициялар енгізілді, алайда негізгі құрылыс материалдарына баға күрт өсіп кетті.

«Соңғы 3 жылда құрылысшылар арматура, цемент және кабель өніміне бағаның күрт өскенін байқады. Ұлттық палатаға кәсіпкерлерден құрылыс материалдардың қымбаттауына қатысты өтінімдер келіп түсуде, бағаның өсуі  тұрғын үйдің нарықтық бағасына әсер етуі мүмкін», – деді Назира Үсенова.

Құрылыс материалдары арасында арматура анағұрлым қымбаттаған. 2021 жылғы сметалық жинақта арматураның 1 тоннасы 212 мың теңге тұрған, алайда құрылыс салушылардың ақпараты бойынша, арматураның нарықтық бағасы тоннасына 350 мың теңгеден асады. Кәсіпкерлер металл өнімдері халықаралық биржаларда сатылатынын, олардың бағасы доллар бағамына а байланысты дейді. Сәйкесінше, өткізу бағасы ішкі тұтынушылар үшін өсіп жатыр.

 Цемент бағасымен де тура осындай жағдай, мәселен, жинақта цементтің тоннасына нарық бағасымен 30 пайызға айырмашылық бар.

 «Бұл жағдай битум, мастика, әрлеу материалдарына қатысты. Құрылысшылар үлкен шығын көріп, осы шығынды балама матераилдарды қолдану арқылы толықтырып отыруға мәжбүр. Біз жинақтарда нақты баға көрсетілгенін есепке алатын механизмді қарастыруды сұраймыз, өйткені бюджетті құрылыс салуда бағаны жоғарылатуға қарай түзету енгізе алмаймыз», – деді «VK Development» ЖШС директорының орынбасары Рустам Шкибанов.

Бұдан бөлек, өндіруші-жеткізушілер бағалардың өсуін болжауда. Жыл басынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша шаршы тілікті 1 қаданың бағасы 6 мың теңге болған, жеткізушілердің болжамы бойынша баға 7,9 мың теңгеге дейін өседі. «BI Support» ЖШС Құрылыс материалдары мен анықтамалықтар департмаентінің директоры Светлана Большакованың айтуынша,  2021 жылы сметалық жиынтықтағы баға 3 800 теңгені құраған, бұл нақты бағадан 57 пайызға айырмашылық бар, егер болжам расталса, өсім 105 пайызды құрайды.

«Жарық, су және жылуға тарифтерді ұмытпаған жөн, тарифтер өндірушіге салынады, кейін ол шығарған өнімнің түпкі құнына әсер етеді», – деп атап өтті «Фирма Азия» ЖШС директоры Сәуле Досқожанова.

Құрылыс материалдарына бағалардың өсуіне байланысты құрылыстың өзіндік бағасы өсті. Құрылыс материалдардың кейбір позициясына баға 100 пайызға жеткен. Бұл жайт әсіресе бюджет секторына әсер етеді, өйткені мемлекеттік шарттар бойынша тиімділік сметалық нормалармен шектеулі. Бүгінде сметалық құнның өсуін қарастыратын коэффициент АЕК-тен есептеледі және нарықтың өзгерістерін – девальвация, инфляция және бағалардың маусымдық қымбаттауын ескермейді.

«Өкінішке қарай, мемлекеттік сараптамадан өткен жобалар бірден іске аспайды. Алдымен уәкілетті орган сараптама жүргізеді, жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген мерзімдер мен құрылыстың нақты басталуы арасында 1-2,25 жыл болуы мүмкін, бірақ осы кезеңде бағалардың өсуі ескерілмей қалады. Біз компанияның іске асырудың қарқынды кезеңінде тұрған, бірақ 2019 жылы берілуі керек болған ағымдағы жобаларына талдау жүргіздік. Олардың жобалық құжаттама бойынша жалпы құны 88 млрд теңге, алайда қайта есептеумен нақты қаржыландыру  104 млрд теңгені құрайды, айырмашылық 18%», – деді BI Group Холдингі Басқарма төрағасының  Бизнес сервис жөніндегі орынбасары Игорь Морозов.

Орын алған ситуацияға байланысты құрылыс салушылары сметалардағы күтпеген шығындар туралы саясатты қайта қарауды және құрылыста бағаның көтерілу әдісін, яғни материалдар, машина-тетіктер, жабдықтар бағаларының өзгеруіне байланысты жоба құнын түзету мүмкіндігін енгізуді сұрайды. Сонымен қатар, Қазақстан құрылысшылар одағы бұл мәселеге жүйелі түрде қарауды және жақын келешекте түзетулер енгізу үшін жағдайдан ең көп зардап шеккен жобаларды таңдауды ұсынуда.

«Біз осы мәселеге Үкімет назар аударуы қажет деп санаймыз, өйткені бұл шешімді қажет ететін түйткіл. Кейбір жобалар бойынша жағдай жарты жылдан соң келісімшартқа ұласады, ал кейін әлеуметтік мәселелерге айналады. Талдау жүргізіп, қай жобаларды іске асыруға ақша жетіспейтінін айта алатын, түзетуге жіберетін инжинирингтік компаниялар бар», – деп ұсынды Қазақстан құрылысшылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Серікжан Мергенбаев.

 ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысовтың айтуынша, мемлекеттік орган құрылысшылардың бұл проблемасынан хабардар.

«2021 жылдың екі айы ішінде бағалардың күрт өсуі анық, қазір біз бағаларды саралап, сметалық бағалардың жаңа жинағын дайындап жатырмыз, жинақ наурыз айында ғана шығады. Өкінішке қарай, мұнымен проблема толығымен шешіле қоймайды, өйткені талдауды нарықта бағалардың өсуінен кейін, постфактум жүргізудеміз. Болжанбаған шығындар бойынша нормаларға келсек, бизнестің ұсыныстарын қарауға дайынбыз, оларды енгізу үшін әдістемені және болжанбаған шығындар мөлшерін қайта қарау керек. Бізге дұрыс, негізделген және дәлелді базаның болғаны маңызды», – деп атап өтті Алмаз Ыдырысов.

Сондай-ақ, мемлекеттік орган болжамды бағалық өзгерістерді есептеу әдістемесін қайта қарауға дайын, ол тек АЕК құнының болжамды өсуіне негізделген және нарықтағы нақты жағдайды ескермейді. Жаңа әдістемені әзірлеу 5 айға созылады.

«Өкінішке қарай, бұл мәселені шешпейді. Қазіргі кезде біз нарықта өндірушілер мен жеткізушілердің деректерін көріп отырмыз, олардың бағалары жинақтардағы көрсеткіштерден басқа. Сондықтан бізде қосарлы деректер практикасы бар ма, немесе ҚазҚСҒЗЖИ  есептеулерге қате жіберуде, осыны анықтап алған жөн», – деді Алмаз Ыдырысов.

Жобаның сметалық құжаттаманы түзетуге қатысты Алмаз Ыдырысов ситуацияны келісімшарттық қатынастар шеңберінде реттеуге болатынын, атап айтқанда, тапсырыс берушінің шешімі бойынша жобаның сметалық құнын түзету арқылы жүзеге асыруға болатынын түсіндірді, өйткені жобаның сметалық құнын түзету туралы шешім тапсырыс берушінің құқығы болып табылады.

 «Осы ретте әр жағдайды жекелей қарастыратын боламыз. Өндірушілер тарапынан бағаның күрт өсуі неден орын алғанын түсіну керек, кәсіпкерлер арасында салық жеңілдіктерін алып жатқан немесе арнайы экономикалық аймақта жұмыс істейтіндер бар шығар, сол кезде біз бағаны түсіру мүмкіндігін қарастыруды сұрай аламыз», – деп жауап берді кәсіпкерлердің сұрағына ҚР ҚМ Өнеркәсіп, көлік және коммуникациялар бюджеті департаменті директорының орынбасары Аслан Шумақов.

 Жиынды қорытындылай келе, Назира Үсенова «Атамекен» және бизнес-қоғамдастық мемлекеттік органға нарықтағы бағаның өсуі бойынша есептеу мен талдауды беріп,  бағаның өзгеруін болжау әдістемесін қайта қарауға көмектесуге дайын екенін атап өтті.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер