«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

2021 жылы кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу порталына қолданғаны үшін қанша қаржы төлейді?

2021 жылғы 15 Қаңтар
- Қызылорда облысы
9334 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының оқырмандарға бүгін ұсынатын тақырыбы – мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер жөнінде кәсіпкерлерге арналған ақпараттарды қамтиды. Сауалдарға Кәсіпкерлер палатасының аталмыш саладағы менеджер-кеңесшісі Балзира Исатаева жауап берді.

- Балзира, сәлеметсіз бе. Жыл басталғанда мемлекеттік сатып алу саласындағы нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістермен кәсіпкерлерді таныстырып отыру Палата үшін айнымас дәстүрге айналғандай. Биыл өзгерістер бар ма?

- Сәлеметсіз бе. Биылға әзірге айтарлықтай өзгеріс енген жоқ. Дегенмен құжаттар әзірленіп жатқандығынан хабардармыз. Шыққан сәтте кәсіп иелерінің назарына ұсынатын боламыз. Дегенмен, кәсіпкерлерге арналған ақпараттарымыз бар. Өткен жылы пандемияға орай мемлекеттік сатып алуда арнайы тәртіп енгізілген болатын. Аталмыш тәртіп 31 желтоқсанға дейін күшінде болды. Қазір 1 қаңтардан бастап тоқтатылды. Бүгінде сатып алулар арнайы тәртіпке дейінгі бұрынғы тәсілдер бойынша жүргізіліп жатыр.

- Мемлекеттік сатып алу порталын қолдану үшін кәсіпкерлер белгілі бір көлемде қаржы төлейтін. Биыл көлемдері қандай болып жатыр?

- Биылғы жылы 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) 2917 теңгені құрап отыр. Осылайша, егер мемлекеттік сатып алуға қатысушы жылына:

  • 1 млн.теңгеге дейінгі сатып алуға қатысатын болса 1АЕК немесе 2917 теңге;
  • 10 млн.теңгеге дейінгі сатып алуға қатысатын болса 10 АЕК немесе 29170 теңге;
  • 100 млн.теңгеге дейінгі сатып алуға қатысатын болса 20 АЕК немесе 58340 теңге;
  • 1 млрд.теңгеге дейінгі сатып алуға қатысатын болса 60 АЕК немесе 175020 теңге;
  • Қаржысы шектеусіз сатып алуға қатысатын болса 122 АЕК немесе 355874 теңге төлейді.

- Жыл басталғалы кәсіпкерлер сатып алу саласына қатысты қандай мәселелермен кеңес сұрауда?

- Сауалдардың басым бөлігі жоғарыда айтқан порталдың тарифіне қатысты. Одан өзге арнайы тәртіптің, заңнамаларға енгізілген өзгерістердің бар-жоғын сұрауда.

- Мемлекеттік сатып алуға енді қатысып жатқан кәсіпкерлерге қандай кеңес бересіз?

- Мемлекеттік сатып алу процесіне алғаш рет қатысып жатқан кәсіпкерлер тендерді ұтқаннан кейін алған міндеттемелеріне толық мән бермей жатады. Оның соңы кәсіпкерлерді «жосықсыз қатысушы» деп тануға әкеледі. Сол үшін таңдаған лотыңызды жақсылап зерттеуді, техникалық сипаттамасымен дұрыстап танысып шығуды ұсынамын. Сипаттамада көрсетілген міндеттемелерді орындауға материалдық, техникалық жағынан мүмкіндігі бар ма? Міне осы жағына мән беру керек. Мұнымен қоса құжаттарды әзірлеуде сол техникалық ерекшелікте көрсетілгендерін салуға міндетті, сол жағына аса мән беруді ұсынар едім.

- Балзира, сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер