«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлер палатасы: жыл басталғалы Қызылордада бизнес өкілдері тарапынан салықтық мәселелерге қатысты кеңес сұрау ерекше сұраныста

2021 жылғы 12 Қаңтар
- Қызылорда облысы
4817 просмотров

Бүгін біз жыл басынан Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен көрсетіліп жатқан қызмет түрлері туралы айтпақпыз. Сауалдарымызға Палатаның сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева жауап берді.

- Гүлнұр, сәлеметсіз бе. Жыл басталғалы Палата кәсіпкерлерге қандай қызмет көрсетіп жатыр?

- Сәлеметсіз бе. Кәсіпкерлер палатасының бизнес өкілдеріне немесе кәсіппен айналыссам деген азаматтарға арналған қызметтері ұдайы тегін көрсетіледі. Мәселен, биыл 5 қаңтардан бастап Қызылорда қаласында Палата жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастап кетті. Орталығымызда қазір бухгалтерлік есеп бойынша, құқықтық мәселелерге қатысты, маркетинг сұрақтарына арналған және мемлекеттік сатып алу саласына қатысты менеджер-кеңесшілеріміз жұмыс жасауда. Ал аудандарда Палатаның филиалдарында Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары жұмыс жасауда. Әр аудандан бір менеджер кеңесшіден бар. Олар кәсіпкерлерге немесе бизнесін ашуға талаптанып жүрген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңес береді. Мысалы, «Кәсіпті бастау үшін не қажет? Қайда бару керек? Неден бастаған жөн? Қандай мемлекеттік бағдарлама аясында несие ала аламын немесе қайтарымсыз грантқа қатыса аламын? Талаптары қандай» деген секілді ж»не өзге де кәсіпкерлікке қатысты сауалдарға жауап ала аласыздар. Ал сервистік қызметтерді кәсіпкерлер оффлайн немесе онлайн форматтарда ала алады. Оффлайн форматта қызмет алғысы келетін азаматтар үшін Қорқыт ата көшесі, 123 мекен-жайдағы «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратындағы, 1-қабатта өз қызметтерімізді ұсынып отырмыз.

- Гүлнұр, сервистік қызметтердің кеңес беруден айырмашылығы неде?

- Сервистік қызметтерде біз белгілі бір қызмет түрін көрсетеміз. Мәселен, кәсіпкерлердің тегін бухгалтерлік,салықтық, статистикалық есептерін тапсырып береміз, келісім-шарт, өзге де құқықтық құжаттарын әзірлеуде көмек береміз, белгілі бір мемлекеттік бағдарлама аясында несие немесе гранттық қаржы алғысы келген жағдайда кәсіпкерге бизнес-жоспарын әзірлейміз, мемлекеттік сатып алу қызметінде аты айтып тұрғандай порталға тіркелу жолдары, сатып алуға қатысу процестеріне қатысты кеңестер ұсынамыз.

- Жыл басталғалы қандай қызметтер сұранысқа ие, жалпы кәсіпкерлердің белсенділігі қандай?

-   5 қаңтардан бастап бизнес өкілдері қызметтерді алуда. Қазіргі таңда есепті тапсыру кезеңі болғандықтан салықтық қызметтерге қатысты сұраныс өте жоғары болып тұр. Мұнан өзге, қаржы институттарына құжат ұсыну үшін біздің мамандарымыз бизнес-жоспар жасауды бастап кетті. Жыл басы, өздеріңізде жақсы білесіздер, мемлекеттік сатып алуға қатысты нормативтік құжаттарда өзгерістер болады. Бұл мәселеге қатысты да кәсіпкерлер кеңестерін алуда.  

- Жаңа сіз қызметтерді онлайн алуға болады деп айтып кеттіңіз. Кәсіпкерлер қандай платформа арқылы ала алады?

- Онлайн қызметтерді https://g4b.kz/ сайты арқылы ала алады. Қызмет алушы кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасы және қажетті қызметіне қатысты құжаттары болуы керек. Сайтқа кіргеннен кейін қажетті қызметті таңдап онлайн ала береді. Мұнан өзге, аталмыш платформада таңдаған қызметі бойынша менеджер кеңесшімен де байланысып, сауалдарын қоя алады. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 40-02-02 байланыс нөміріне хабарласа алады.

- Гүлнұр, сұхбатыңызға рахмет. Жақсы, сау болыңыз.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер