«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада кәсіпкерлер биыл айналым қаражатына 5 млрд.теңгеге жуық қаражат алған

2020 жылғы 03 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
2766 просмотров

Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен активте Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.

«Біздің облыс бойынша экономиканың аса зардап шеккен салаларында 11 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі қызмет атқарады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Оған облыс бойынша 3650 кәсіпкер қатысты. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, облыс бойынша кәсіпкерлік саласында қызметкерлердің 31 пайызы қысқартылған және 32 пайыз қызметкерлер жалақысы сақталмайтын еңбек демалысына жіберілген. Осыдан-ақ пандемияның зардабын анғаруға болады», - деді Палата басшысы бас қосуда.

Ол мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау шаралары қабылданып жатқандығын, 460 кәсіпкерлік субъектісінің несиелері бойынша төлемдер кейінге шегеріліп, 49 кәсіпкерлік субъектісі Шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие беру бағдарламасы шеңберінде айналым қаражатын толықтыруға 8 пайызбен бір жылға 5 млрд.теңгеге жуық кредит алғандығын айтты.

«Қазіргі күрделі ахуалға байланысты Президент Жолдауында аталған бағдарламаны жүзеге асыру мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарту және оның аясын кеңейту тапсырылды. Осы мақсатқа қосымша 200 млрд.теңге бөлінді. Демек, несие алған 49 кәсіпкердің несие мерзімі созылды және басқа кәсіпкерлер де несие алуға мүмкіндік алды. Өңір кәсіпкерлері осы 200 млрд.теңгеден лайықты, қомақты үлесін алу қажет деп есептеймін және бұл бағытта біз түсіндірме жұмыстарын жалғастыратын боламыз», - деді Ғалымбек Жақсылықов.

Палата басшысы, қазіргі таңда кәсіпкерлер үшін басты проблема – қолданыстағы несиелері екендігіне тоқталды. Ол жөнінде Жолдауда шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде экономиканың зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлердің қазіргі барлық несиелерінің 6 пайызбен мемлекеттік субсидия беру тапсырылды.

Ұлттық банктің 1 тамыздағы статистикалық мәліметі бойынша өңірде шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 28,7 млрд.теңге несиелері бар екен. Бұл кредиттердің басым бөлігі  банктерден 15-18 пайызбен тікелей алынған.

«Қарап отырсақ, ауқымды жұмыс күтіп тұр. Қажетті бағдарлама, нормативтік актілер әзірленгенге дейін әкімдіктер, кәсіпкерлер палатасы, даму институттары және банктермен бірлесіп, осы бастан дайындық жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Қажет болса, жұмыс тобын құру да қажет шығар. Жергілікті кәсіпкерлер мейілінше осы қолдауды алып қалуы қажет», - дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер