Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шараларын көрсету тәртібі бекітілді
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы 2020 жылдың 15 маусымында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау көрсету, қаржылық жағдайды қалпына келтіру жөніндегі жоспарларды іске асыру және банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша мерзімі өткен берешектің туындау жағдайларының алдын алу мақсатында «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шараларын көрсету тәртібін» бекітті.
Агенттік төрағасы бұйрықта: «Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мүдделі бөлімшелеріне, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаларға жіберсін», - деп тапсырған.
Аталмыш құжаттың қызылордалық кәсіпкерлер үшін маңыздылығын ескере отырып толық мәтінін беруді жөн санап отырмыз.
«Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау шараларын көрсету тәртібі
1. Осы Тәртіп төтенше жағдай және (немесе) карантин кезеңінде қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлік субъектілеріне бизнеске қолдау көрсету, қаржылық жағдайды қалпына келтіру жөніндегі жоспарларды іске асыру және кәсіпкерлік мақсаттарға берілген банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша мерзімі өткен берешектің туындау жағдайларының алдын алу үшін қосымша қолдау шараларын көрсету мақсатында әзірленді.
2. Қолдау шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің еркін нысанда жасалған өтініші негізінде көрсетіледі.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қажетті құжаттармен қоса екінші деңгейдегі банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымға, оның ішінде бұрын көрсетілген ұйымдар болып табылған заңды тұлғаға (бұдан әрі – кредиттік ұйым) электрондық пошта, «банк-клиент» онлайн-жүйесі, интернет- ресурс, мобильдік қосымша немесе басқа байланыс құралдары арқылы өтініш бере алады.
3. Кредиттік ұйым қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді қайта құрылымдау тәсілдерін, қарыз алушыларға қойылатын талаптар мен шарттарды, қарыз алушымен өзара іс-қимыл жасау рәсімдерін, қайта құрылымдауды жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесін қамтитын ішкі тәртіпті қолданады.
4. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі өтініш берген жағдайда кредиттік ұйым жеке тәртіппен оның қаржылық жағдайын, төтенше жағдайдың және (немесе) карантиннің өтініш берушінің кәсіпкерлік қызметіне әсерін және қаржылық жағдайының қалпына келу перспективаларын бағалайды. Қаржылық жағдайды бағалау өтініш берушінің нақты кірістерін талдауды және төтенше жағдай және (немесе) карантин кезеңінде енгізілген шектеу шараларының өтініш берушінің кәсіпкерлік қызметіне, оның ішінде өтініш берушінің тауарларына, жұмыстарына және (немесе) көрсететін қызметтеріне тұтынушылық сұраныстың төмендеуіне, тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді жеткізу тізбегінің бұзылуына, тауарлардың, жұмыстардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеу мерзімдерінің бұзылуына әсерін көздейді.
5. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қаржылық жағдайының төтенше жағдай және (немесе) карантин кезеңінде нашарлауының объективті себептері және оның кәсіпкерлік қызметін қалыпқа келтіру мүмкіндігі болған кезде кредиттік ұйым шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне:
1) егер кредиттік ұйым мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысқан жағдайда не қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді қайта құрылымдаудың ішкі тәртібі бойынша кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жеңілдік берілген талаптармен банктік қарызды және (немесе) микрокредитті қайта қаржыландыруды ұсынады.
Банктік қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді жеңілдік берілген талаптармен қайта қаржыландыру жеңілдік берілген мөлшерлемелерді және мемлекет тарапынан кепілдіктер алу мүмкіндігін көздейтін шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы, шағын және микробизнеске қолдау көрсетудің жаңа нысаналы бағдарламасы бойынша да жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қайта қаржыландыру шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі мемлекеттік бағдарламаларда белгіленген өлшемшарттар мен талаптарға сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады;
2) банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша төлемдерді шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің қаржылық жағдайын және төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру үшін жеткілікті кезеңге кейінге қалдыруды ұсынады. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңі, егер шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің өтінішінде өзге мерзімдер көрсетілмесе, кемінде күнтізбелік 90 (тоқсан) күнді құрайды.
Егер төлемдердің өзге кестесі банктік қарыз және (немесе) микрокредит шартында көзделмесе не шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің өтінішінде көрсетілмесе, төлемдерді кейінге қалдыру қарыз мерзімінің соңына дейін бұрын кейінге қалдырылған төлемдерді бөлу түрінде төлемдердің жаңа кестесін белгілеу не қарыз мерзімін ұлғайту арқылы беріледі.
6. Кредиттік ұйым қарыз алушының өтініші және 2020 жылғы 16 маусымнан бастап 2020 жылғы 15 қыркүйек аралығында кредиттік ұйымға берілген қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттар негізінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банктік қарыз және (немесе) микрокредит шарттары бойынша төлемдерді қайта қаржыландыру не кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды.
7. Кредиттік ұйым шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің өтінішін өтінішті және қарыздарды және (немесе) микрокредиттерді қайта құрылымдаудың ішкі тәртібінде көзделген құжаттардың толық тізбесін алған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды».
Пікір қалдыру:
Пікірлер: