«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Жас кәсіпкер» жобасы арқылы оқыған 1100 қызылордалықтың 578-і кәсібін ашты

2020 жылғы 18 Ақпан
- Қызылорда облысы
4430 просмотров

Қызылордада өткен жылы 1100 жас «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерлік саласындағы біліктілігін жетілдірген болатын.

Жобаға қатысқан 1100 азаматтың 943-і оқуды аяқтағандығы туралы, 157-сі оқуға қатысқандығы жөнінде сертификатқа қол жеткізді.

«Жобаға қатысушыларға екі түрлі сертификаттың табысталуы бизнес-жоспарларын қорғауына байланысты. Комиссия алдында жобасын сәтті қорғап шыққан азаматтар әрі қарай қаржыға қол жеткізуі үшін «оқуды аяқтағандығы» туралы сертификат беріледі. Ал жобаға қатысып, алайда бизнес-жоспарын қорғай алмаған жандар «оқуға қатысқандығы жөніндегі» сертификатқа ғана қол жеткізеді. Өткен жылы жобасын сәтті қорғап қаржыландыруға мүмкіндік алған жастардың 578-інің жобасы 301,9 млн.теңгеге қаржыландырылды. 5 жас «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мен «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жеңілдетілген несиеге ие болса, 573 жасқа «Еңбек» бағдарламасы аясында мемлекеттің қайтарымсыз қаржысы – грант берілді», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Салтанат Шоникова.

«Жас кәсіпкер» жобасы аясында білімін жетілдіріп, кәсібін бастағандар қатарында Қызылорда қаласының тұрғыны Өміртай Әбен де бар. Көлік жөндеудің қыр-сырына қанық ол алғашында өз күшімен көлік жөндеу орталығын салады. Алайда қажетті құрал-жабдықтар алуға қаржысы болмай қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының кеңесімен «Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға өтініш білдіреді.

Өміртай Әбен Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, бизнес-тренерлерден кәсіпті жүргізудің қыр-сырына машықтанады. Жобасын қорғағаннан кейін алдымен 505 мың теңге мемлекеттік қайтарымсыз қаржы – грантқа қол жеткізеді. Аталмыш қаржы жеткіліксіз болғаннан кейін «Кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 6 пайызбен 5 млн.теңге несие алып, көлік жөндеу қызметіне қажетті жабдықтарды алады. Бүгінде жас кәсіпкер 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта көрсететін қызмет түрлерін кеңейтуді де жоспарлауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер