«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкердің желге ұшқан 622 мың теңге қаржысын мемлекеттік орган қайтарып бере ме?

2020 жылғы 21 Қаңтар
- Қызылорда облысы
5399 просмотров

Бүгін Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Қызылорда қаласындағы бірқатар кәсіпкерлермен кездесіп, проблемаларын тыңдады.

Кездесуге келген жеке кәсіпкер Ұлықбек Каримовтың басындағы жағдайы кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Ұлықбек Каримов 2008 жылы қалаға қарасты Маханбетов ауылынан жер телімін алып, кәсіпкерлік мақсатта ғимарат құрылысын салу үшін «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығынан 2019 жылы 16 млн.теңге қаржы алады. Кәсіпкердің жеке меншігіндегі жер телімінің құрылысты жүргізу үшін көлемі аз болуына байланысты Қызылорда қалалық әкімдігіне өтішін білдіріп, қалалық жер комиссиясының хаттамалық шешімімен 584 шаршы метр жер теліміне меншік құқығын алады.

Жер комиссиясының оң қорытындысынан кейін кәсіпкер құрылысын бастамаққа ниеттеніп жатқанында «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы тіркеу және жер кадастры  бойынша Қызылорда қалалық бөлімі: «Берілген жер теліміне камеральді және далалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қосымша табысталған жер телімінің алдын ала таңдау актісі, сызбасы, схемасы бойынша көршілес орналасқан жер телімімен қабаттасып қалатындығын ескере отырып, жерге орналастыру жобасын жүргізе алмаймыз», - деп кәсіпкердің жұмысын тоқтатады.

Алайда аталмыш бөлім кәсіпкердің жер телімімен қаншалықты қабаттасып қалатындығы жөнінде нақты ақпарат бермей, кәсіпкердің жұмысына ашықтан-ашық кедергі келтіріп отыр.

Орын алған осы жағдайлардан кейін кәсіпкер құрылысын жүргізе алмай, алған несиесінің 14 млн.658 мың теңгесін уақытылы игермеуіне байланысты «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығына кері қайтарған. Жобаны іске асыра алмаған 5 ай үшін қаржы институтына  622 мың теңге сыйақысын төлеген.

Амалы таусылған кәсіпкер Палатадан көмек сұрауда.

Кездесуде Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бұл мәселені Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесіне шығарып, тиісті мемлекеттік органдармен бірге жан-жақты зерттейтіндігін, Палата мамандарының кәсіпкердің құқығын қорғайтындығын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер