«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордалық «Абзал және К» ТС-і «Парыз» сыйлығының Алтын жүлде иегері атанды

2019 жылғы 13 Желтоқсан
- Қызылорда облысы
3477 просмотров

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Парыз» сыйлығы иегерлерін марапаттау рәсімінде Сыр өңірінің «Абзал және К» ТС-і Алтын жүлдеге ие болды.

Ел Президенті салтанатты шарада компания басшысы Мағжан Ералиевке «Парыз» сыйлығының «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясының Алтын жүлдесін табыс етті.

«Абзал және К» ТС-і 1994 жылы құрылған. Қызылорда қаласы Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның екі зауыты бар: Оңтүстік Корея және Германиядан әкелінген. Әр зауыттың қуаттылығы сағатына 5 тонна. Компания жылына таза ақталған 25 мың тонна күріш өндіреді. Оның 50 пайыздан астамы Россия, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия т.б. елдерге экспортқа шығарылады. Компания күріш өндірушілердің үздік үштігінің қатарында. «Абзал және К» ТС-і бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Нағи Ілиясов ауылына соңғы жылдары 1 млрд.теңгеден астам қаржы салған. 

Мұнан өзге бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания биылдың өзінде 54 жаңа жұмыс орнын ашып, жалпы 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ, Қызылорда қаласында жаңа күріш зауытын, «Мүсірәлі» мешіті мен мешіт жанынан медресесін, Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында стадион, ауылдық округ әкімдігі ғимаратын, «Айтбай» мешітін салып, ауылдағы мұражайға күрделі жөндеу жүмыстарын жүргізді. Ауылды толықтай көгалдандырды. Ауылдағы тұрмысы төмен, сондай-ақ көпбалалы отбасылардың үйлеріне жөндеу жұмыстарын жасап берді.

Компания жұмысшыларын қызмет барысында тегін тамақпен, қызметтік көлікпен, медициналық тексерумен қамтамасыз етіп отыр. 5 қызметкерінің үйін күрделі жөндеуден өткізіп, бір қызметкеріне жаңадан пәтер алып берді. Қызметкерлерін компания есебінен Корея мен Германияда тәжірибе алмасуға жіберді. Сонымен қатар, тұрмысы төмен, көпбалалы  отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қаржылай көмектер көрсетті.


Ұқсас жаңалықтар:

Еншілес ұйымдар

Серіктестер