«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Бастау»: мал шаруашылығын қолға алған қыз

2018 жылғы 09 Қазан
- Қызылорда облысы
4619 просмотров

Бүгінде жастардың көбі мал баққанды бейнетті кәсіп санайды. Оның қиындығынан қашады. Алайда мал шаруашылығымен шұғылданып жүрген жастар да жоқ емес. Сондай жастардың бірі «Бастау» жобасының түлегі Карина Шыныбаева. Ол отбасылықты кәсіпті өрістетіп, жылқы малын бордақылауды кәсіп ете бастағанына аз ғана уақыт болды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мүмкіндіктерді қолдана отырып, шаруашылығыңды дамытсаң мал шаруашылығы бизнесі тиімді әрі пайдасы мол кәсіп болып отыр. Карина өз ойын жүзеге асыру үшін Кәсіпкерлер палатасына жүгініп, кеңес алады. Бизнес-біліктілігін де шыңдайды. «Бастау» жобасына қатысып, бизнестің әліппесін үйренеді. Осылайша Оспановтар әулетінің жас келіні отбасымен айналыса келе ең дұрыс шешім – жылқы малын өсірумен айналысқанды жөн санайды. Бизнес-жоспар жасайды, жоспары мақұлданып, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 10 млн.теңге несие алуға қол жеткізеді. Оған «Бастау» жобасынан алған білімім кәдеге асты»,- дейді жас кәсіпкер.     

«Отбасымызбен келісе отырып біз өз кәсібімізді аштық. Жазда Кәсіпкерлер палатасына бардым. Бизнес курсы туралы естіп, жазылдым. Отыз күн оқыдым. Өзімнің бизнес-жоспарымды көрсеттім. Жоспарымды мақұлдап, несие алдым. Қазір маған отбасым көмектесуде. Әзірге пайдаға шыққанымыз жоқ, бірақ болашақта жақсы нәтиже болады деп сенеміз», - дейді Карина Шыныбаева.

Әрине жас болған соң білгенінен білмегені көп Каринаға отбасында ата-енесі, жолдасы көмекші әрі ақылшы. Отбасын бизнесін бастаған кәсіп иесі өз қаражатына қорасын салған, сол маңнан өздері тұратын үйді де тұрғызып, жарықты да әкелген. Ал несиеге алған қаражатына 29 бас жылқы малын сатып алған. Жылқы жем-шөпті көп керек  етеді және оның бағасы да қымбаттау болып тұр екен. Бүгінде жас кәсіп иесі жылқыларын бордақылап, үйрек, тауық, қояндарын қоса асырап отыр. Одан басқа қорада бақшалық өнімдері де бар.

«Биыл жер тың болған соң өнім де бітік шықты»,- дейді Карина.

«Мал баққанға бітеді», - деген аталы сөзді өмірлік ұстанымға айналдырған жас кәсіпкер үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта мал басын әлі де көбейтіп, жаңа жұмыс қолдарын аламыз деп өз қарекетін жасауда.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер