«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада робототехника мектебі ашылды

2018 жылғы 18 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
6103 просмотров

Қызылордада жас кәсіпкер Ералиев Серікбол «Smart Generation» робототехника мектебін ашты.

Кәсіпкерлікпен айналыспас бұрын Серікбол қаладағы қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында робототехника үйірмесінде жетекші болып жұмыс жасаған. Одан кейін өз ісін ашуды қолға алады.

Кәсіпкер бұл мектепті ашуда 2,4 млн.теңге қаржы жұмсаған. Оның ішінде 500 мың теңгесін «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тамыз айында ұйымдастырған байқауында жеңіп алған.

Мектепте жасы 6-ға толған балалардан бастап кез келген ниет білдіруші жастар қатыса алады. Мектеп ақылы негізде. Ал «ерекше» балаларға (мүмкіндігі шектеулі) тегін өткізіледі. Робототехника мектебіне қатысушылар аптасына 4 сағат оқиды.

«Мектепті ашуға түрткі болған жайт қазіргі заманның талабы. Робототехника саласы өте қарқынды дамып келе жатыр. Заман сұранысы ақпараттық техника саласының мамандары дейтін болсақ, бұл мамандарды қалай дайындаймыз? Мәселе осында. Болашақ осы сала мамандарын бүгіннен, 6 жасынан бастап тәрбиелеуді қолға алғымыз келіп отыр. Мектепке қажетті құрал-жабдықтарды әр елден жинақтадық. Мәселен, кей құралдар Даниядан алдырылды, енді бірін Ресейден, Қытай, Алматы, Астанадан алдық. Мектепті ашқаннан кейін кешенді жасаған жөн. Сондықтан да материалдық базаның толық болуына көңіл бөлдік», - дейді Серікбол Ералиев.

Мұнан өзге мектеп жетекшісі Серікбол айына бір рет осы мектепте оқитын балалардың барлығының басын қосып, жалпы іс-шара өткізуді қолға алмақ. Кәсіпкер бұл қадамын техникамен әуес балалар момын, томаға-тұйық келетінімен, ал жалпы көпшілік шаралар балалардың мінезін ашуға септігін тигізетіндігімен түсіндіруде.

Мектептің ашылуына қатысқан Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Қазіргі цифрланған қоғамды ақпараттық технология мамандарынсыз елестету мүмкін емес. Ал ол мамандар артынан жастарды ертіп оқытамын десе тіпті, ерекше риза болады екенсің. Бүгінгі кәсіпкерлікке қадам басқан Серікболмен көктемде таныстым. Сол кезде қалада робототехника мектебін ашқысы келетінін айтқан болатын. Рас, инновациялық жобалар байқауына қатысқанымен, жобасы жеңіске жете алмады. Дегенмен, сол келісінде, "қамықпа, ісіңді тастап кетпе, аш", - деп кеңесімді бергем. Бүгін мектебінің ашылу салтанатына шақырғанда баруға қуана келістім. Аядай ғана бөлме деп жас кәсіпкерді сынай көрмеңіздер. Бұл шағын бөлмедегі жас бүлдіршіндердің қуанышын, ата-аналарының қызығушылығын көрсеңіздер ғой. Бастамасына, алғашқы қадамына қарап іштей сүйсініп отырдым. Әріптесіме сәттілік тіледім. Біз де өз тарапымыздан қарап қалмаймыз. Қолдан не көмек керек, беруге әзірміз», - деді.

  Айта кету керек, қазірдің өзінде мектеп ашылады деп естіген 11 бала оқуға жазылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер