«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Отбасылық бизнес Астана қаласындағы байқауда бақ сынамақ

2018 жылғы 25 Тамыз
- Қызылорда облысы
3695 просмотров

Тігін тігу қазаққа жат кәсіп емес. Бұл кәсіпті отбасылық бизнеске айналдыра білген «Жанзере» арнайы киімдер тігу шеберханасының өңірдің жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына үлес қосып келе жатқанына да он жылға жуықтады. Нарықты жан-жақты зерттеп, тәжірибе жинақтаған соң шеберхана ашқан серіктестік басшысы Бекетов Болат ең алдымен сапаға көңіл бөледі.

«Тұтынушыға сапалы өнім ұсынуының арқасында «Қазақстанның үздік тауары - 2018» облыстық көрме-байқауында жеңімпаз болып танылдық», - дейді кәсіп иесі.

«Кез келген өнімді қолданушы бірінші кезекте сапаға қарайды. Сондықтан да сапа мәселесі біз үшін аса маңызды. Біз бүгінде «КАМ», «ҚазГерМұнай», «Қыран», «Дорстрой» «Құрылыс» және өзге де көптеген мекемелермен жұмыс жасап жатырмыз. Қызылордалық компаниялармен қатар, өзге де өңірлердің мекемелерімен әріптестік қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Мәселен, бүгінде тапсырыс Байқоңыр қаласындағы ресейлік компаниялардан, Ақтөбе, Алматы, Шымкенттен де түсіп жатыр. Шүкір, жұмысымыз жақсы. Биыл енді «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып, жеңімпаз атандық. Астана қаласына жолдама алып отырмыз. Бұл шараның біз үшін орны ерекше. Сапа саласында мамандардың өнімімізге берген оң бағасы бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетіп отыр», - дейді мекеме басшысы Болат Бекетов.

Арнайы киім негізі қорғаныштық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, ыңғайлы, берік, кез келген ауа-райына төзімді, әрі көркем болуы тиіс. Сондықтан кәсіпкер қажетті матаны Ресей және Белорусь елдерінен арнайы алдыртады. Жылына екі жарым мыңнан аса арнайы киім шығаратын серіктестік ірі компаниялармен келісім-шартқа отырған. Әсіресе, мұнай компанияларынан тапсырыс көп. Мұнан өзге, жеке адамдар да өздеріне қажетті арнайы жұмыс киімдеріне тапсырыс беріп, тіктіреді. Арнайы киім үлгілерін пішу цехында киім пішіліп, тігін цехына жіберіледі.

«Арнайы киімдер тек қана қорғап қана қоймай, мекеменің статусын да көрсетуі тиіс. Сол себепті модельді таңдау барысына да ерекше мән береміз. Өнімдеріміз тұтынушыларымыздың көңілінен шығуда», - дейді мекеменің менеджері Перизат Амангелдіқызы.    

Бүгінде кәсіпкер 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Арнайы қорғаныш киімдерін тігетін цехта өз ісінің шеберлері жұмыс жасайды. Олар заманауи құрылғылармен жұмыс жасайды. Қол күшін қажет етпесе де тігіншіге артылар міндеттің жүгі ауыр. Сондықтан әрбір тігінші өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды және киімдерді бірінші кезекте сапалы тігуге мән береді.

«Тігіншілікпен айналысқаныма 25 жыл болды. Біз түрлі сала мамандарының киімдерін тіге аламыз және тігіп те жатырмыз. Ұжымдық тапсырыстардан өзге, жеке азаматтар берген тапсырыстарды да тігеміз. Маусымдық киімдерді бөліп-жармаймыз. Барлығын тіге береміз. Тұтынушылар қызметіміздің сапасын көргеннен кейін әрі қарай да тапсырыс беріп жатады», - дейді тігінші Зекира Тұрғанбаева.

Кәсіпорын бүгінгі талаптарға сай сапа менеджменті, экологиялық менеджмент, сәйкестік менеджмент сияқты арнайы сертификаттармен қамтамасыз етілген. «Жанзереліктерді» енді алда республикалық байқау күтуде. Мекеме «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша республика көлемінде өңірді таныстыру мақсатында қазан айында Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары - 2018» республикалық көрме-байқауына қатысады. Ендеше кәсіпкерімізге сәттілік тілейміз!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер