«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Жаңа оқу жылына арнап Алматы мектептерінде заманауи стадион салынады

2018 жылғы 12 Маусым
- Алматы қаласы
14857 просмотров

Қаладағы №95 және № 40 мектептерде заманауи стадионның құрылысы жүргізілуде. Алмалы және Бостандық аудандарында орналасқан екі мектептің игілігі үшін кәсіпкер Ақылбек Аққайыр инвестиция салып отыр. Инвестицияның жалпы сомасы – 200 млн теңге.

Әрбір стадионда 3 футбол алаңы, атап айтқанда екеуі жабық, біреуі ашық, теннис корты, баскетбол алаңы, кроссфит, жүгіру жолағы, душ кабиналары мен санитарлық бөлмесі бар киім ауыстыратын орын да қарастырылған. Екі нысан да биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.Әрбір стадионға бір уақытта 200 бала сыяды.

«Құрылыста тек ең заманауи жабдықтарды пайдаланамыз. Сейсмикалық беріктікке, ыңғайлылық пен қауіпсіздікке ерекше ден қоямыз. Арнайы төсеніші бар газон алдық. Бактерицидті, хош иісті қасиетке де ие. Бала құлаған кезде зақым алмайды», – дейді «Ақылбек» ҮЕҰ бас директоры Ақылбек Аққайыр.

Аталған жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылуда. Мемлекет тиісті аумақты берсе, инвестор нысанның қайта салынуы мен дамуына қаржы құяды. Осылайша стадион таңғы 9-00-ден кешкі сағат 7-ге дейін тегін пайдаланылады, ал қалған уақытта кәсіпкер нысанның құнын өтеу үшін коммерциялық мақсатта пайдаланады.

Келісімшартқа сәйкес инвестор мемлекеттік-жекеменшік әріптестік нысанын мерзімі аяқталғанға дейін пайдаланады (10 жылға дейін ұзарту мүмкіндігімен), одан кейін мемлекетке тұтастай өткізеді.

«Бұл өте ыңғайлы механизм, дамыған елдерде қолданылады. Бюджеттен бір тиын да жұмсалмайды. Мектепте заманауи инфрақұрылымы бар спорт алаңы болады, оқушылардың да спортқа деген қызығушылығы артады. Жыл басынан бері 70-тен аса кәсіпкер кеңес алды, оның ішінде 11 кәсіпкер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, тізімге енгізу туралы өтініш қалдырды», – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жөніндегі сарапшысы Асқар Несіпбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер