«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордада сотсыз татуласы орталығы құрылуда

2018 жылғы 21 Мамыр
- Қызылорда облысы
4190 просмотров

Кәсіпкерлер палатасының алаңында Қызылорда облыстық мамандандырылған экономикалық сотының судьялары: Салтанат Омарсерікова, Зәуре Жарылқасынова және Нұрлан Еламанов  кәсіпкерлермен кездесіп, мемлекеттік сатып алу төңірегіндегі істер, сот алды келісімге келу және корпоративтік даулар мәселелеріне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында судья Салтанат Омарсерікова сотқа жүгінетін адамдардың, соның ішінде кәсіпкерлердің көп екендігін, басым бөлігі мемлекеттік сатып алу саласына, кәсіпкерлердің арасындағы проблемаларға қатысты екендігін айта отырып, жақын күндері өңірімізде сотсыз татуласу орталығы ашылатындығын жеткізді. Судья аталмыш орталықтың кәсіпкерлердің де мәселелерін сотқа жеткізбей шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

         Судьялар бүгінгі таңда кәсіпкерлер жиі кездесетін проблема – мемлекеттік сатып алу саласына қатысты екендігін айтты.

«Қазір бізге кәсіпкерлерді жосықсыз деп тану туралы көптеген істер түсіп жатыр. Жеке кәсіпкер ма, жауапкершілігі шектеулі серіктестік пе оған қарамайды, егер жосықсыз қатысушы деп танылса «қара тізімге» кіріп, 2 жыл көлемінде мемлекеттік сатып алу процестеріне қатыса алмайды. Осы жағын біз кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіруіміз қажет. Алдында қандай тәуекелдер күтіп тұрғанын іскер азаматтар білуі керек. Сондықтан да мемлекеттік сатып алу процестеріне қатысқанда алдарына қойылған міндеттемелермен: жеңіп алған жағдайда қызметті дер кезінде көрсете ала ма, үлгере ме, осы жағымен мұқият танысқаны дұрыс болар еді. Жосықсыздықтың алдын алу үшін келісімге келу шарасын қолданғаны жөн болар еді», - дейді судья Салтанат Омарсерікова.

Жалпы өткен жылы сотқа 3507 талап арыз түссе, оның 1509-ы мемлекеттік сатып алу саласына қатысты. Яғни экономикалық сотта қаралған істердің 43 пайызы осы салаға қатысты болған. Биылғы жылдың өзінде сотта мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты 372 іс тіркелген.

Судья Зәуре Жарылқасынова мұндай көрсеткіштердің жоғары болуы бізді де алаңдатып отыр дей келе, Жоғарғы сотқа бірнеше нормативтің-құқықтық құжаттарды өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар келтіргендіктерін жеткізді.

«Кәсіпкерлердің алдында кездесетін кедергілердің аз болып, жұмыстарының алға басуына біз де мүдделіміз. Сондықтан да құзыретіміздің шегінде кәсіпкерлерге қолдау көрсету шараларын жүргізетін боламыз», - дейді Зәуре Жарылқасынова.

Шарада Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Ғалым Едігеев жаңадан ашылатын сотсыз татуласу орталығы алдағы уақытта мемлекеттік орган мен кәсіпкерлердің арасындағы мәселелерді бітімгершілік арқылы шешуге мүмкіндік беретін тетік қабылдаса біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етер еді деген ұсынысын білдірді.

Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен құқығын қорғау жөнінде 59 өтініш түсіп, оның бүгінде 20-сы оң шешілді. Оның 10-нан астамы сотта құқығын қорғау жөніндегі өтініштер. Нәтижесінде кәсіпкерлер 602 млн.377 мың теңге қаржысын сақтап қала алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер