«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сырдариялық тігінші Нұрсұлу «Бизнес-кеңесші» курсын оқып, кәсібін кеңейтті

2018 жылғы 16 Мамыр
- Қызылорда облысы
5034 просмотров

Облыста жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» сырдариялықтардың да бизнеске бет бұруына себепші болуда. Аудан бойынша 2000-нан астам кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, олардың 1600-ден астамы өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына келіп, кеңес алушылардың дені мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлауда. Жыл басынан бері «Бизнес кеңесші» курсын 32 адам оқып, инновациялық грантқа 96 тұрғын қатысқан.

«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы бақылау кеңесіне 49 жоба ұсынылып, оның 22-сі мақұлданып, кәсіптерін бастап та кетті.

 «Қазіргі таңда біздің ауданнан 180 жоба ұсынылып, жалпы құны 200 млн.теңгеге жуықтайтын 67 жоба мақұлданды. Бүгінде жоба иелері құжаттарын жинақтауда. Жалпы аудан тұрғындарының кәсіппен айналысуға қатысты белсенділігі жоғары. Сонымен қатар, жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Студенттік бизнес инкубатор» жобасын қолға алып жатырмыз», – дейді Кәсіпкерлер палатасының Сырдария аудандық филиалы директоры Фархад Әбжаппаров.

Тігінші еңбек нарығында ерекше танымал, сұранысқа ие мамандық. Одан бөлек заманның талабына сай талғаммен киіну табысқа бастайтын алғышарттардың бірі.

Осы орайда, Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғыны Нұрсұлу Ажарова да ісмерлік өнермен айналысқанды жөн санайды. Өзі сурет пәнінің мұғалімі. Бейнелеу өнерін жетік меңгерген ол өзінің тігіншілік қабілетін дамытып, ауылынан шағын тігін цехын ашуды ойластырады. Ісмер қыз алдымен «Ақниет» бағдарламасына қатысып, 300 мың теңге грант жеңіп алады. Осылайша өзіне қажетті құрал – тігін машинасын алады.

Нұрсұлу «Бизнес кеңесші» сабағына қатысып, кәсіпкерлік саласындағы біліктілігін арттырады. Өз кәсібін жеңіл заттарды тігуден бастаған ол бүгінде қыз жасауын, құрақ көрпешелер тігеді. Ауыл тұрғындарының сұранысына орай ұлттық киімдер мен көйлектер де тігуде. Кәсіпкер бизнесін дамыту үшін Кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, бизнес-жоспарын жасап, Өңірлік инвестициялық орталықтан 3 млн.теңге қаржы алуға қол жеткізеді.

«Өз ісімді қолға алғаныма 10 жылдан асыпты. Сала маған соншалықты таңсық емес. Өз мамандығым бейнелеу саласы болғандықтан тігіншілікті әрі қарай алып кету аса қиын болмады. Тігін өнері халықта жұтамайтын кәсіп түрі. Жақсы істі бастасаң алға ұмтылады екенсің. Кәсібімді дамыту үшін 1 млн.теңге көлемінде несие алып, бұл қаржыға екі қосымша тігін машинасын сатып алдым. Тігін цехымды кеңейттім. Өзге де қосымша құрал-жабдықтар алмақ болып, Өңірлік инвестициялық орталығынан 3 млн.теңге несие алуға өтінім берген болатынмын. Міне, бұл қаржыға да қол жеткізіп отырмын. Кәсібімді жүргізуде Палатаның  Сырдария аудандық филиалы қызметкерлері көп көмектесті. Кіріс, шығысты есептеуді үйретіп, қаржы институттарына құжаттарымды, кепіл мүлкімді әзірлеуде жобамды сүйемелдеп, қолдау көрсетті», – дейді кәсіпкер Нұрсұлу Ажарова.  

Тігін өнерінің қыр-сырына қаныққан Нұрсұлу алдағы уақытта перде, жалюзи тігіп, көрсететін қызмет түрлерінің қатарын арттырмақ.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер