«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылордадағы қалдықсыз өнім шығаратын кәсіпорын

2018 жылғы 27 Ақпан
- Қызылорда облысы
4836 просмотров

Қызылордалық «Абай Дәулет» ЖШС-і қалдықсыз өнім өндіру жүйесіне көшті. Бұрын күріш қауызын арнайы құрал болмағандықтан тастауға мәжбүр болған мекеме бүгінде бұл мәселенің де шешімін тапты

Бәрін басынан бастап айтсақ.

«Абай Дәулет» ЖШС-і Қызылорда қаласындағы 10 жыл бойы қараусыз қалған зауытты күрделі жөндеуден өткізіп, іске қосқан.  Алғашында 7-8 адам жұмыс жасайтын зауыттың жұмысшыларының саны бүгінде 80-ге жеткен.

Зауыттың жұмыс процесімен танысу барысында ешқандай қалдықтың қалмайтынына көзіміз жетті. Күріш салысы зауытқа түскеннен бастап бірінші қауызынан тазартылып, содан кейін ақтауға түседі. Ақталған күріштің өзі бірнеше електен өткізіліп, майдалары бөлек алынады. Одан әрі дайын болған өнім жуылып, кептіріліп барып арнайы көлемдердегі қаптарға салынады екен. Күрішті ақтау барысындағы жемі малға берілетіндігі белгілі. «Ал майда күріштер қайда кетеді?» деген сауалымызға кәсіпорын басшысы «Кондитерлік өнім әзірлейтіндерден ауыспайды», - деп жауап берді.

 Біз үшін ең қызық тақырып күріш қауызы болды. Күріш қауызы өңделмеген күйінде жарамсыз болып табылады. Қара жерге тастаса шіри қоймайды, қауыз күйінде мал жей алмайды. «Абай Дәулеттіктер» күріш қауызын кәдеге асырудың жолдарын іздеп, шет елдік тәжірибелерді зерттейді. Австалия мен Жаңа Зеландия елдерінде күріш және күріш қалдықтары қосылған құрама жем жоғары бағаланады екен. Мұндай жем жеген мал асқаған және басқа да ішкі ағза ауруларымен ауырмайды екен. Ол үшін күріш қауызын турау немесе қатты қысыммен майдалау керек. Кәсіпорын арнайы аппаратты шетелден алдыртып, бүгінгі таңда бұрын пайдаланылмай келген күріш қауызын пайдаға асыруда.

«Біз алғашында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қарабұлақ» құрама жем дайындайтын зауытымен және басқа да мал шаруашылығы басшыларымен кездесіп түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Бастапқыда негізгі жемге 5 пайыз ғана қосып көріңіздер деген ұсынысымызды қабыл алған олар қазірті таңда 50 пайызға дейін қосатын болды. Арпа, сұлы, бидай және басқа да дақылдар қосылған жем малға ауырлық қылып, көтере алмай, соның салдарынан өлімге ұшыраған жағдайлар көптеп кездескен екен. Күріш құрама жемін пайдаланғалы мұндай жағдайлар 70-80 пайызға дейін азайғанын мал шаруашылығы мамандары растап отыр», - дейді «Абай Дәулет» ЖШС директоры Дәулет Сәрсенбаев.

  Кәсіпорын басшысы сұхбатымыз барысында және бір мәселені көтерді.

«Бүгінгі күнге дейін күріш алқабында қалған масақтар мен күріш сабандарын өртеу арқылы ғана жоятынбыз. Мұның басты зияны топырақ құрамындағы органикалық минералдар жоғалады. Өртеудің зияндылығын түсінген көрші Қытайда күріш егетін фермерлерге күріш қалдығынан қандай да бір өнім ойлап шығарса, өртемегені үшін субсидия төлейді екен. Ал Польшада отын болмағаны үшін қолда бар өнімнен отын жасауды қолға алған. Бұл бастамаға мемлекет қолдау көрсетіп, субсидиялаған. Нәтижесінде бұл елде 100-ге жуық зауыттар халыққа қол жетімді бағада гранула түріндегі отындар шығарып, отын мәселесі толығымен шешіледі. Осы тәжірибелерді зерттей келе, біз кұріш сабанынан гранула түріндегі отын жасауды қолға алудамыз», - дейді кәсіпорын басшысы.

Дәулет Сәрсенбаев қызуы жағынан көмірден кем түспейтін бұл отын түрін шығаруды қолға алса 4 мәселені шешуге болатындығын жеткізуде. Біріншіден жаңадан жұмыс орындары ашылады, екіншіден отынның құны арзандайды, үшіншіден сексеуіл, жыңғыл сынды табиғи отыр түрлерін бей-берекет пайдаланудың алдын алуға болады. Төртіншіден топырақтың құнары сақталмақ.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер