«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Тасбөгеттен тігін цехын ашқан Эльмира

2018 жылғы 15 Ақпан
- Қызылорда облысы
5466 просмотров

Шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор

 Осы бағдарламалар арқасында бүгінде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелеткендердің саны артуда. Қазір қолына ине-жіп ұстап, іс тігетін жанға кәсіп те баршылық. Эльмира Мақтабаева жастайынан тігінмен айналысып, үйдің тұрмысына қажетті көрпе, жастық, құрақ көрпешелерді өзі тігіп алатын. Бірнеше жыл үйінде жұмыссыз отырған жан тігіншілік өнерін жеке кәсіпке айналдырып, бизнесін ашуды ойластырады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасынан кеңес алып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы 3 млн.теңге несие алады. Осылайша тігін цехын ашып жұмысын бастайды.

«Өзімнің қолымнан келген тігінді тігіп, халыққа қызмет көрсетіп жатырмын. Оның көп пайдасы бар екен. Қарамағыма екі жұмысшы алдым. Біреуі тігін тігеді, екіншісі өтектеп, берілген тапсырысты реттеп отырады. Осылайша өз кәсібімізді жасап жатырмыз», - дейді Эльмира Мақтабаева.

 Ісмер әйел әзірге тігін цехын өз ауласынан ашып, жұмыс жасауда. Алған несиеге 4 тігін машинасын, маталар, ине-жіп секілді қажетті құрал-жабдықтар алған. Тігін шеберханасында ісмерлер жастық, жастық қап, көрпе, көрпе қап сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Жаңадан ашылған тігін цехы үшін бұл үлкен жетістік.

Тасбөгет кентінде орналасқан шағын цех бүгінде өз тұтынушыларын тауып, ашылғанына аз уақыт болса да келушілер көбейген. Одан бөлек, балабақша, ауруханалардан тапсырыс алып, еңбегінің жемісін көруде. Кәсіпкердің алдағы жоспары орталықтан перде тігетін шеберхана ашу. Ең басты мақсат – үлкен тігін шеберханасына айналу.

Айта кету керек, 2017 жылы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері жалпы құны 2 млрд.427 млн.теңгені құрайтын 372 жобаны сүйемелдеген. 2017 жылы кәсіпкерлер Палатадан 2187 қызметті тегін алған болса, бір жылда 7327 азаматқа кәсіп ашу және өзге де кәсіпкерлік саласына қатысты 15143 кеңес берілген.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер