«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

«Аға сеньорлар» бағдарламасы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ұсынуда

2017 жылғы 10 Қараша
- Қызылорда облысы
5115 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен облысқа «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының «Аға сеньорлар» құрылымы аясында германиялық маман Наталья Майер келіп, мамандарды оқытты

Қызылордаға Наталья «Сана-Сезім Орталығы» ЖШС-нің директоры Раушан Базарбайдың ұсынысы негізінде келді.

Кәсіпкер Раушан Базарбай басшылық жасайтын Профессор Хачатрянның клиникасы биылғы жылдан бастап ауыр жағдайдағы науқастарға мейірбикелік күтім жасау қызметін жүзеге асырып келеді. Осы ретте, Клиника басшысы мейірбикелерінің еуропалық тәжірибе негізінде біліктіліктерін көтеруді көздейді. Алайда шет елдік маман келгенде Раушан ханым бұл қызметті тек Клиника қызметкерлері ғана емес аймақтағы өзге де медицина ұйымдарының мамандары алғанын қалап, шақырту жібереді.

Нәтижесінде Раушан Базарбайдың Клиникасында өткен «Мейірбикелік күтім» тақырыбындағы 7 күндік семинарға,  өзге де медициналық ұйымдардың мамандарымен қоса 90-ға жуық мейірбике қатысып,  біліктілігін көтерді, арнайы сертификаттарға ие болды.

«Қызылордада өткен 7 күндік семинар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сұраныс осыншалықты көп болады деп ойлаған жоқпын. Семинарға келген мамандардың теориялық білімі жеткілікті. Мен тек шара барысында бүгінгі таңда шет елде қолданылып жатқан озық тәжірибелермен бөлістім», - дейді Наталья Майер.

Ал кәсіпкер Раушан Базарбай болашақта аймақта үйде мейірбикелік қызмет көрсету жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. Сол үшін де біліктілігін көтерген мамандарды алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға шақырды. Сондай-ақ, шет елден маман шақыртып, қолдау білдірген Кәсіпкерлер палатасына алғысын жеткізді.

Айта кету керек, «Аға сеньорлар» компоненті қатысушыларға басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиялары, құрал-жабдықтар мен персоналды оқыту мәселелері бойынша тікелей өндірісте кеңес беру үшін нәтижелі жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті шетел мамандарын тартуға бағытталған.

Компонентке Бағдарлама аясында экономиканың басым секторларында өз қызметін жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерліктің субъектілері қатыса алады.

Сұрақтар бойынша Кәсіпкерлер палатасына және облыстың барлық аудандарында орналасқан Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына хабарласуға болады.

Анықтама үшін телефон: 40-08-74, 40-02-02

Сall-Center – 1432.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер