«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкер мүддесі баса назарда

2017 жылғы 30 Қазан
- Қызылорда облысы
1546 просмотров

Арал ауданында кәсіпкерлердің құқығын қорайтын оңтайлы топ жұмыс істейді

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалы директоры Қадырхан Еңсепов аудан кәсіпкерлері алдындағы есепті кездесуде айтты.

Филиал директоры: «Палатаның басым бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Ауданда прокуратураның Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың жолын кесу мақсатында оңтайлы топ құрылды. Осы мобильді топ заңсыз тексеру фактілері туралы хабарлама немесе арыз түскен жағдайда жедел топ құрамымен оқиға орнына барып, заңдылығына сай зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Осы жылы кәсіпкерлер тарапынан түскен 9 арыз-шағым өз шешімін тапты».

Мұнан өзге филиал заңгерлері арнайы сенім хатпен кәсіпкерлердің мүддесі үшін сот отырыстарына қатысып, құқығын қорғауда.

Есепті кездесуде Қадырхан Еңсепов аудан тұрғындарына көрсетілген өзге де қызмет түрлеріне тоқталды.  

Жыл басынан бері Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы кеңесшілері кәсіпкер немесе кәсіпкер болуға ниетті 832 аудан тұрғынына мемлекеттік бағдарламалар аясында 2365 кеңес берсе, 167 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсеткен.

Мұнан өзге, жыл ішінде 50 азамат «Бизнес-кеңесші» оқыту курсынан өтсе, 211 аралдық «Бастау Бизнес» жобасы аясында білімін жетілдірген.

Нәтижесінде, Палата мамандарының сүйемелдеуімен жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар арқылы аудан кәсіпкерлері және кәсіпкерлікке ниеттілердің 562,9 млн. теңге болатын  143 жобасы қаржыландырылып, 208 аудан тұрғыны жаңа жұмыс орнымен қамтылған.

Оның ішінде: екінші деңгейлі банктер арқылы 206,1 млн. теңге болатын 9 жоба, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 68,9 млн. теңге болатын 15 жоба, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 274,4 млн. теңге болатын 105 жоба, «Инновациялық гранттар» арқылы 13,5 млн. теңге болатын 14 жоба қаржыландырылған.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір ай оқып, кейін жеңілдетілген несиеге қол жеткізген Әлібаева Гүлнар жаңа бағдарламаның арқасында Аралда құс фермасын ашқалы жатқандығын жеткізді.

«Бастау Бизнес» жобасында білім алғаннан кейін кәсіппен айналысуға ниеттес азаматтардың басын қосып, арнайы кооператив құрдық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болар»,- дегендей, нәтижесінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 16 млн.теңге несие ала алдық. Қазір құс фермасының материалдық-техникалық базасын қалыптастырудамыз. Ауылдықтар үшін бұрын іс бастауға несие алу қиынның қиыны болатын. Қазір, шүкір, мемлекеттік қолдаудың арқасында барлық жағдай жасалуда бізге. Жақын күндері, кәсібімізді жандандырып, аралдықтарға сапалы қызмет көрсетеміз деген сенімдемін», – дейді Гүлнар Әлібаева.  

Есепті кездесуде аудан әкімі мен прокурор кәсіпкерлерді қолдау бағытында қабылдаған шараларды айтып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер