«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда жылу электр орталығы кәсіпкерлерге 5 109 831 теңге қарызын қайтарды

2017 жылғы 26 Қазан
- Қызылорда облысы
5381 просмотров

Қызылорда облысының Кәсіпкерлер палатасының араласуы арқасында мемлекеттік сатып алу үдерісі аясында жасалған келісім-шарттар бойынша «Қызылорда жылу электр орталығы» ШЖҚ МКК-нан көрсетілген қызметтер бойынша ақшаларын ала алмай жүрген 10-ға жуық кәсіпкер өз ақыларын өндіріп алды

«Аян және К» ЖК, «Бекенбай» ЖК, «Ізтілеуова Б» ЖК, «Омахтаев Д» ЖК, «Құрманов Нұрғиса» ЖК, «СТАЛЛИТ» ЖШС, «Сұңқар Бизнес» ЖШС, «Орда люкс» ЖШС-тері мемлекеттік сатып алу бойынша жылу орталығының тауарлар мен қызметтерге жариялаған байқауларына қатысып, жеңген лоттары бойынша келісім-шарттар жасаған болатын. Шарт бойынша аталмыш кәсіпорындар мен серіктестерғе орталыққа қажетті түрлі құрал-жабдықтарды жеткізу міндеттеліп, кәсіпкерлер ол тапсырыстарды мерзімінде орындайды. Алайда, Қызылорда жылу электр орталығы тарапынан шарт бойынша алыс-беріс актілеріне қол қойған соң 30 жұмыс күн аралығында тауарлар мен қызметтердің ақысын төлеуге міндетті болғанына қарамастан талап уақтылы орындалмайды.

Осы мәселе бойынша Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына шағым түскеннен кейін Палата заңгерлері Жылу орталығынан келісім-шарт бойынша көзделген қаржының уақтылы төленбеу себебін, нақты төлеу мерзімін сұратып, мәселені шешу жолдарын қарастырды. Нәтижесінде Қызылорда жылу электр орталығы қаржылай қиындықтарға байланысты, уақтылы төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндіктері болмай отырғандығы жөнінде ақталып, ол қаражатты кезең-кезеңімен төлеу жөніндегі мәмілеге уағдаласты.

«Қазіргі күні жалпы көлемі 8 млн. теңгеден астам қарыздың 5 109 831 теңгесі қайтарылды, – деп мәлім етті Қызылорда облыстық  кәсіпкерлер палатасының заңгері Аида Қаюпова. – Шағым түсірген 9 кәсіпкердің 8-інің қарызы қайтарылды, қалған 1 кәсіпкердің ақысы биылғы жылдың соңына дейін толық төленеді».

Айта кететін жайт, биылғы жылдың 9 ай аралығында өңірлік кәсіпкерлер палатасына бизнес өкілдерінен 252 өтініш түсті. Нәтижесінде 149 өтініш оң шешіліп, 200-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Кәсіпкерлер палатасы заңгерлерінің араласуымен 9 ай аралығында кәсіпкерлердің жалпы көлемі 223,7 млн. теңгені құрайтын қаражаты сақталып қалды, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.  


Еншілес ұйымдар

Серіктестер