«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Елбасы: «Ауылда жұмыс істесең, микрокредит аласың»

2017 жылғы 06 Қазан
- Қызылорда облысы
3362 просмотров

Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласында салынып жатқан шыны зауытының жұмысымен танысып, аймақтың іскер азаматтарымен кездесті.

Тәулігіне 600 тонна өнім өндіретін зауыттың қойма құрылысының жұмысы 80 пайызға, теміржолдың құрылысы 40 пайызға аяқталған. 2018 жылдың шілде айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Зауыт жұмысымен танысып болғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің кәсіпкерлерімен пікірлесті.

Іскер азаматтармен сұхбаттасуда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов аймақта кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Палата басшысы: «Сіз биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауыңызда жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керектігін айтып, Үкімет пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнестің барлық шығынын азайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырған болатынсыз. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсетуге қатысты.

Аталған міндеттерді іске асыру үшін ағымдағы жылдан бастап электрмен, сумен, газбен жабдықтауға қосу және қажетті техникалық шарттарды алу рәсімдерін жеңілдету мақсатымен Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өз қызметін бастады. Айта кету керек, оған дейін бұл қызмет түрлеріне 1,5-2 ай кететін. Қазір кәсіпкерлер 5 күннің ішінде алуда.

Сіздің Жолдауда айтқан сандық форматқа өту тапсырмаңызға сай, қазір бұл қызмет түрлерін электронды форматқа өткізу шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде кез келген кәсіпкер үйінен немесе жұмыс кабинетінен шықпай-ақ қызметтерді 3 күннің ішінде алатын болады», - дей келе қызылордалықтар «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының шапағатын көріп жатқандығына да тоқталды.

Атап айтқанда, бағдарлама аясындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биыл облыстың Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан 937 адамды оқыту жоспарланған.  Бүгінде солардың ішінде 647 адам оқытылды. Соның ішінде жалпы құны 445,5 млн.теңгені құрайтын 123 жоба «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы мен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталық арқылы қаржыландырылды.

Облыста сондай-ақ «Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысуға өтінім берушілердің саны басым. Мәселен, қазірдің өзінде аймақтың 1460 тұрғыны осы жоба бойынша біліктілігін жетілдірген.

Мемлекет басшысы өз кезегінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Атамекен» ҰКП-на нақты тапсырмалар бергендігін айта келіп, кәсіппен айналысқысы келетін азаматтар үшін: «Біз жұмыс жасап жатырмыз, несие беріп жатырмыз, оқытып жатырмыз. Ауылда жұмыс істесең, микрокредит аласың, иә? Істе, өзің бір шаруа жаса. Оны істеп шығарсаң, ендігі жылы екі есе береді», - деді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер