«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Өңірлік кеңес мүшелері сайлау арқылы анықталмақ

2017 жылғы 15 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
3475 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кезекті отырысында Кеңес мүшелерін сайланбалы негізде анықтау мәселесі талқыланды.

Отырыста Кеңес мүшесі Нұрмұрат Ерманов: «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы – бизнес пен биліктің арасындағы алтын көпір десек қателеспейміз. Бүгінде Палата кәсіпкерлердің кез келген бастамасына құқықтық, экономикалық қолдау көрсетіп, көмек қолын созуда. Бизнес өкілдерінің мәселелері кешенді түрде қарастырылып, тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу арқылы жүйелі шешілетін болды. Сөзіміздің сөйленгенін осыдан-ақ көруге болады. Құрылғанына енді ғана 4 жыл толып отырған Кәсіпкерлер палатасы қалыптасу кезеңін басынан өткеріп, енді даму жолында. Біз қазір ашықтық, жариялылық принципін басшылыққа ала отырып, демократиялық қоғам құрудамыз. Осы ретте, Өңірлік кеңестің де мүшелерін сайланбалы негізде анықтайтын уақыт жетті деп санаймын», - деді.

Нұрмұрат Ермановтың бұл сөзін әріптестері – Кеңес мүшелері де қолдап, Кәсіпкерлер палатасының басшысына ұйымдастыру шараларын қолға алып, сайлау механизмін жүзеге асыруды тапсырды.

Отырыста болашақ Кеңес мүшелеріне қойылатын талаптар да айтылды. Олар сайланбалы негізде анықталатын мүшелердің беделді, кәсіпкерлік саласындағы «еңбек өтілі» 3 жылдан кем болмауы қажет екендігін, сондай-ақ іскерлік қызметі аймақтағы басым бағытқа ие экономиканың нақты секторымен байланысты болғаны жөн екендігін айтты.

Айта кету керек, Қызылордада Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі 2013 жылы құрылды. Бүгінде кеңестің 19 мүшесі бар. Бұл азаматтар облыстағы кәсіпкерлердің мүдделерін білдіретін кәсіпорындардың және қауымдастықтықтардың басшылары, беделді кәсіпкерлер. Кеңес құрылымы шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп кешені, құқықтық қорғау, адами капиталды дамыту, экономикалық бағытты (мемлекеттік-жеке әріптестік, инвестицияларды тарту, т.б.) қамтитын 5 комитеттен тұрады.

Сонымен қатар, Өңірлік кеңестің жанынан тұрақты жұмысшы органдары ретінде ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлерді және олардың бастамаларын қолдау мақсатында барлық 7 ауданда Аудандық кәсіпкерлер кеңестері құрылып, бүгінгі күнге ауылдық аймақтардың бизнес өкілдері қамтылып отыр. Қазір аудандық кәсіпкерлер кеңесінің мүшелігіне 10-12 кәсіпкерден енгізілген.

Жалпы 4 жыл ішінде Өңірлік кеңестің 60-қа жуық отырысы өткізіліп, 138 мәселе талқыланды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер