«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кооперативті көп күттірмеген қолдау

2017 жылғы 03 Тамыз
- Қызылорда облысы
4264 просмотров

Қызылордада «Тасбөгет» кооперативі 58 млн.600 мың теңге несие алды. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының кеңесшісі Олжас Аяғанов айтты.

«Тасбөгет» өндірістік кооперативінің төрағасы Сұлтанбек Сейсенбаев Кәсіпкерлер палатасынан екі күндік «Бизнес-кеңесші» оқу курсынан өтті. Мұнан өзге, біз ағамызға бизнес-жоспарын әзірлеп бердік», - дейді Олжас Аяғанов.

Ал 1992 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Сұлтанбек Сейсенбаев малдың жайын білетін азамат. Мамандығы ветеринар.

«Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі дегенді естіп, биыл мамыр айында Тасбөгет кентіндегі іскер жігіттердің басын қосып кооператив құрдық. Басында жеңілдетілген несие алуға болатындығына көзіміз онша жеткен жоқ. Бұл жұмысқа бірнеше ай кететін шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз. Тиісті құжаттарды "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ Қызылорда облыстық филиалына тапсырғаннан кейін 1 айға толмайтын уақыттың ішінде кооператив мүшелері жалпы құны 58 млн.600 мың теңгені құрайтын несие алдық. Қазір осы істің басы-қасында болған, Кәсіпкерлер палатасына, сондай-ақ жеңілдетілген несие берген Қордың жігіттеріне алғысымды білдіремін. Жасаймын деген адамға тірлік жеткілікті, тек ниет болса болғаны», - дейді «Тасбөгет» өндірістік кооперативінің төрағасы Сұлтанбек Сейсенбаев.

Айта кету керек, жыл басынан бері Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету, қолдау орталықтарынан 3582 кәсіпкер 6615 кеңес, 984 кәсіпкерлік субъектісі 1044 қызмет алды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер