«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Ирак компаниясы Қызылордадан ет алуға ниетті

2017 жылғы 28 Маусым
- Қызылорда облысы
7804 просмотров

«AlHasanat LTD» компаниясының басшысы Али Жумаа Қызылорда облысының кәсіпкерлерімен кездесті

Ирактың сауда нарығындағы ет импорты жөнінен көшбасшыларының бірі «AlHasanat LTD» компаниясының басшысы Али Жумаа Қызылорда облысына келіп, Кәсіпкерлер палатасының алаңында аймақ кәсіпкерлерімен кездесті. Аталмыш компанияның елдің ірі қалаларында сыйымдылығы айына 7 мың тоннаға жететін ірі мұздатқыштары бар. Еттің басым бөлігін АҚШ, Украина, Индия мемлекеттерінен алады екен. Енді Қазақстанмен де бұл бағытта әріптестік негізде жұмыс жасағысы келеді.

Компания басшысының Қызылордаға келуі үшін Кәсіпкерлер палатасының мамандары ұзақ уақыт келіссөздер жүргізген болатын. Нәтижесінде компания басшысы маусым айының екінші онкүндігінде өңірге арнайы келді.

Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков кездесудің арқасында Ирак елінің етке деген талаптарымен танысып, екі жақсы серіктестік орнатуға мүмкіндік туды:

«Бүгінде Иракта 37 млн-ға жуық халық тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 85 млн.-ға өседі деген болжам бар. Сондықтан да бұл елде етке сұраныс аса жоғары. Мәселен, қозы етінің 1 кг-мы біздің теңгеге шаққанда орта есеппен 4500-4800 теңгені құрайды. «Al Hasanat LTD» компаниясының басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде қозыларды тірідей және мұздатылған қозы етін алғысы келетіндіктерін жеткізді. Қойылатын талап: туылғанына 12-18 айдан аспаған және сойыс салмағы 18-20 кг-нан аспайтын қозы еті. Кездесу барысында алдағы уақытта бірге жұмыс жасауға келісіп, Кәсіпкерлер палатасы мен «Al Hasanat LTD» компаниясы арасында Меморандумға қол қойылды», - деді Жасұлан Серіков.

Кездесуден кейін Ирак кәсіпкерлері Жаңақорған және Сырдария аудандарында болып, «Көбелдес» ШҚ, «Бахытжан» ШҚ, «Ынтымақ» ЖШС және «Абай Дәулет» шаруа қожалықтарының жұмысымен танысты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер