«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Сыр бақшасында жаңа тәсілмен алма өсіріледі

2017 жылғы 24 Мамыр
- Қызылорда облысы
7788 просмотров

Қызылордада алма өсіруге тамшылатып суару тәсілі қолданылады

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуімен өңірде алма бағы өсірілуде. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Жасұлан Серіков айтып берді.  

«Соңғы жылдары ауылшаруашылық саласында кәсіп жасаймын деушілердің саны күрт өсуі қуантады. Қыста Кәсіпкерлер Палатасына Сейдіғазы аға мен Клара апа келіп өз ойларымен бөлісті. Интенсивті алма бағы туралы естіп, осы жылы бастағымыз келеді деген. Кәсіпкерлер палатасында бұл кісілерге алма бағымен айналысқан жағдайда жеңілдікпен несие алу, субсидия алу жолдары туралы толық ақпарат берілді», – дейді Жасұлан Серіков.

Палатадан кеңес алғаннан кейін «Әлібаев» деген шаруа қожалығын ашқан. Шиелі ауданынан жер алып, оны дайындады. Оңтүстік Қазақстан облысынан жартылай карлик алмасының 3 түрлі ағашын  5 гектарға отырғызып, скважина қазып, үлкен су құятын бак алып орнатқан.

Ендігі жерде кәсіпкерге алма бағын тамшылатып суғару жүйесіне қажетті құрал-жабдық қажет болып, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына жобасын ұсынды. Ерлі-зайыпты Әлібаевтардың жобасын жан-жақты зерттеген Өңірлік инвестициялық орталық жобаның әлеуетін бағалай келе, 6,5 млн теңге несие беруге шешім қабылдады. Бүгінде шаруа қожалығына жобаның бірінші кезеңі үшін 3 млн теңге несие берілді. Бұл қаржыға Әлібаевтар баққа қажетті жабдықтарды алып, егілген көшеттерге тамшылатып суғару тәсілімен суарып отыр.

Жақында Өңірлік кәсіпкерлер палатасының маманы Жасұлан Серіков шаруа қожалығының қазіргі жай-күйімен танысып келді.

«Ағаштар гүлдей бастапты. Енді кәсіпкер Өңірлік инвестициялық орталықтан берілетін қалған қаржыны күтіп отыр. Аталмыш қаржыға бақтың сыртын қоршап, шпалер, қосымша скважина орнатпақшы. Айта кететін жайт, интенсивті алма сорттары екінші жылдан бастап жеміс бере бастайды. Осындай алма бақтары көбейсе, сырттан келетін алмалардың орнын басатыны анық», ­– дейді Жасұлан Серіков.

«Әлібаев» шаруа қожалығына жергілікті атқарушы орган тарапынан да қолдау берілуде. Әкімдік алдағы уақытта алма бағына субсидия беру туралы шешім шығаруды қарастырып отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер