«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда кәсіпкерлерінің айтары бар

2017 жылғы 19 Мамыр
- Қызылорда облысы
5754 просмотров

Қызылордалық кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алу, жобаларды қаржыландыру және маман даярлауға қатысты ұсыныстарын берді

«Атамекен» ҰКП басшылығының Қызылорда облысына жұмыс сапары аясындағы кәсіпкерлермен өткізілген кездесуде бірқатар ұсыныстар айтылды.

Атап айтқанда, Өңірлік кеңес мүшесі Ермаханов Мырзағали сатып алуларға қатысты кездесіп отырған қиындықты айтты.

«Бүгінгі таңда бізде сатып алулар 4 электронды алаңда жүргізіледі (мемлекеттік сатып алулар, «Самұрық-Қазынаның», жерқойнауын пайдаланушылардың сатып алулары және Еуразиялық электронды портал). Әр порталдың жұмыс жасауда өз ережесі бар және ол өздерінің нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі. Кәсіпкер тендерге қатысу үшін әр порталда жеке-жеке тіркелуге мәжбүр және қатысуға өтінім беруде қиындықтарға кездесіп жатады. Осы мәселені шешу үшін аталмыш порталдарды біріктіру мүмкіндігін қарастыруларыңызды сұраймыз», - деді Мырзағали Ермаханов.

Аталмыш ұсынысқа қатысты «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов аталмыш мәселеден хабардар екендігін, бұл бағытта «Атамекеннің» бірнеше бағытта жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.

«Қазір біз бұл процесті жеңілдетуге қатысты шара қабылдауға дайынбыз. Ол үшін біз екі жолды таңдадық. Біріншісі, заң аясында. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2018 жылдан бастап Қаржы министрлігінде жұмыс жасайтын сатып алудың бірыңғай порталы іске қосылатын болады. Екіншісі, жоғарыдағы заңнама шыққанға дейін жұмысты жеңілдету үшін алдағы бір айдың көлемінде келесі шараны қабылдайтын боламыз. Бұл қызмет Палата арқылы көрсетілетін болады. Палата арқылы бір IT кіру ұйымдастырылады, яғни кәсіпкер бір жерден кіру арқылы Сіз айтқан сатып алулардың сайтына кіру мүмкіндігін алады. Аталмыш механизмді толықтай іске қосу үшін қорытынды келіссөздерді жүргізудеміз», - деді Абылай Мырзахметов.

Кездесуде кәсіпкерлермен көтерілген келесі мәселе ауыл шаруашылығы саласына қатысты болды.

Бұл туралы Өңірлік кеңес мүшесі Нұрлан Имандосов: «ҚазАгро» АҚ бағдарламасында қарастырылған басым бағыттардың бірі – «Қарқынды бақтарды отырғызу» Қызылорда облысында жүзеге асырылмайды. Аталған бағыттар Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында ғана қаржыландырылады. Осы жағдайға байланысты,  жергілікті ауыл шаруашылық тауар өндірушілер «ҚазАгро» АҚ қаржы институттарының желілері арқылы несие алуға қол жеткізе алмай  отыр. Өңірімізде өз қаражаттарына, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген өңiрлердi мамандандырудың ұсынылатын схемасына енгізілмегендігіне қарамастан алманың ергежейлі және жартылай ергежейлі (карликовые) сорттарын отырғызып, қарқынды бақтар өсірумен айналысып жүрген бірқатар шаруа қожалықтары бар. Бүгінгі күні осы шаруашылықтар өз қаражаттарының жеткіліксіздігіне байланысты, агротехнология бойынша отырғызу жұмыстарын аяқтай алмай отыр. Қарқынды бақтарды отырғызу мақсатында «ҚазАгро» АҚ қаржы портфелінен көп қаржы талап етілмейді, әрбір шаруа қожалықтарында  жоспарланған егіс көлемі 5-10 га аралығында, яғни бұл дегеніміз 7-20 млн. тг. аралығындағы қаражатты қажет етеді. Осы мәселені шешу барысына көмек көрсетуіңізді сұраймыз», - деді.

   «Бұл мәселе де бізге жақсы таныс. «ҚазАгро», оған қарасты мекемелердің басын қосып бірнеше рет мәжіліс өткіздік. Осы мәселенің барлығын көтердік. Бұдан өзге, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары ауыл шаруашылығы басым аймақтар қатарына енбейді деп субсидиядан да алып тастаған. Біз қазір 8 министрліктің субсидияға қатысты нормативтік-құқықтық құжаттарына өзгеріс енгіздіріп жатырмыз. Мамыр айының соңында ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен селекторлық байланыста жиналыс болады. Сіздер көтеріп отырған мәселе шешілу үшін нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізілуі тиіс. Бір ай, бір жарым айдың көлемінде шешіледі деп ойлаймыз. Бұл мәселе біздің бақылауымызда», - деді Басқарма Төрағасы.

Мұнан өзге, кәсіпкерлермен кездесу барысында Абылай Мырзахметов Қызылордадағы адами капиталды дамытуға қатысты қабылданып жатқан шараларға жоғары бағасын беріп, өңірдің кәсіпкерлік саласындағы мамандарды даярлауда жасап жатқан жұмыстары республика көлемінде үлгі екендігін жеткізді. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер