«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы Экспортқа шығарушылар орталығын құруды ұсынды

2017 жылғы 18 Мамыр
- Қызылорда облысы
6849 просмотров

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және аймақ кәсіпкерлерінің қатысуымен Өңірлік кеңес отырысы өтті.

Отырыста Кәсіпкерлер палатасымен атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасаған Палата директоры Ғалымбек Жақсылықов тауарларын экспортқа шығаратын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қатысты ұсынысын білдірді.

«Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы тауарларын экспортқа шығаратын кәсіпкерлер жеткілікті. Тауарларын экспортқа шығаруға дайындау барысында компаниялар қажетті құжаттарды алу үшін 2-3 күн аралығында 6 мекемені аралауға мәжбүр. Мемлекет басшысы жылғы халыққа арнаған Жолдауында өңірлердегі экспортерларға «бір терезе» қағидасы аясында қызмет көрсете отырып, қолдау керек деген болатын. Осы ретте, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі негізінде арнайы «бір терезе» қағидасымен жұмыс істейтін жұмысшы органын құруды ұсынамын», – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Палата басшысы жергілікті экспорттаушыларға қосымша жүктелетін ауыртпалықтар туралы айта келе, экспорттаушы кәсіпкер жүгінетін мекемелерді атады:

1. Кәсіпкерлер палатасынан – СТ-КЗ сертификаты;

2. «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Қызылорда филиалы немесе «Астық сапасы» ЖШС-нен сапа сертификаты;

3. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық құрылымдық инспекциясынан фитосанитарлық сертификат:

4. Кедендік бақылау департаментінен декларация;

5. Темір жол бөлімдері

6. Халыққа қызмет көрсету орталығына құжаттар тапсырады

Палата басшысының айтуынша, экспорттаушылар үшін құруды ұсынып отырған органның мемлекеттік орган болуы міндетті емес, мүмкіндігінше аталған бастаманы жүзеге асыруға жеке секторды тартқан дұрыс.

Бұл механизм Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде ғана емес, сондай-ақ Сингапур, Гонконг сынды жылдам дамушы елдерде де сәтті қолданылып келеді.

Ғалымбек Жақсылықов аталмыш ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда бұл қызмет түрін тек қана тауарды экспорттаушылар ғана емес, сондай-ақ импорт тауар әкелуші кәсіпкерлер де қолдана алатындығын жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер