Болашақ мамандықты таңдау оңай ма?
ӨКП жыл сайын 5 мың оқушыға арнап кәсіптік бағдар шарасын ұйымдастырады
«Қазақтелеком» Қазылорда облыстық дирекциясы орта мектептің жоғары сынып оқушыларына арнап «Ашық есік күнін» өткізді. Аталмыш шара Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолдауымен ұйымдастырылды. №3, №5, №4, №1 мектептердің 120 оқушысы компанияға қонаққа келді.
Экскурсия барысында оқушылар Қызылорда қаласындағы iD Center залын тамашалады. Жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталығының операторы Гүлнұр Абдрахманова заманауи коммуникациялар бойынша таныстырылым жасады. Оқушыларға «Әмбебап нөмір», «Кейінге қалдырылған нөмір» және «Ата-ана нөмірі» қызмет түрлері бойынша ақпарат берілді.
Аталмыш шараның басты мақсаты – мектеп оқушылардың жаңа технологиялар туралы білімін арттырып, саладағы сұранысқа ие мамандықтар, компанияның қызметі мен сервисі туралы ақпаратын толықтыру. Оқушылар монтер, оператор, телефонист, ІТ-маманы сынды мамандықтар туралы ақпарат алды.
Жаңа технологияларды өмірдің сапасын жақсартуға қолдану жолдарын меңгерді. Компанияның жаңа өнімдері туралы ақпаратты коммуникациялық құралдарды техникалық қолдау цехының бастығы Светлана Омарбаева айтып берді.
«Бүгін біз «Қазақтелеком» туралы көп ақпарат алып, сұранысқа ие жекелеген мамандықтар туралы білдік. Өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалармен таныстық», – деді №1 мектеп оқушысы Әбдуәли Әделхан.
«Адами капиталын жақсарту үшін бизнес саласында сұранысқа ие білікті мамандарды дайындау өзекті. Бүгін қоғамда жұмыс таба алмай жүрген жастар өте көп. Ал бизнес ортада кадр тапшылығы сезіледі. Осындай келеңсіздіктерді алдын алу үшін біз жыл сайын кәсіптік бағдар шараларын ұйымдастырамыз. Мектеп оқушысы орта білімді бітірмей тұрып, сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алып, болашақ кәсібі бойынша дұрыс таңдау жасай алады», – деді адами капитал бөлімінің сарапшысы Гүлмира Әлназарова.
ӨКП ұйымдастырып отырған мұндай шаралар арқылы 5000 астам оқушы түрлі өндіріс алаңдарына барып, кәсіпорын жұмысымен жақынырақ танысады, мамандықтар туралы білімін толықтырады. Жас буынды кәсіптік білімге қызықтыру, ынтасын ояту – жауапты іс.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: