«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау жолында

2017 жылғы 01 Ақпан
- Қызылорда облысы
7741 просмотров

Енді кәсіпкерлерде рұқсат құжаттарын алуға қатысты қиындықтар болмайды

ӨКП ғимаратында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. 

Күні бүгінге дейін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мынандай қызмет түрлерін көрсетіп келген еді:

  • бухгалтерлік және салық есебін жүргізуге, сондай-ақ статистикалық есеп-қисап жасауға байланысты қызметтер;
  • кедендік рәсімдер бойынша қызметтер;
  • кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар адамдардың өтініштерін сүйемелдеу қызметтері;
  • заңдық қызметтер көрсету;
  • маркетинг мәселелері жөніндегі қызметтер;
  • қызмет көрсету және ақпараттық технологиялар саласындағы консультациялар
  • мемлекеттік сатып алуларға, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларына қатысты қызметтер;
  • мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы консультациялық қызметтер.

Енді облыстық әкімдіктің қолдауымен салынған Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы рұқсат құжаттарын берумен айналысады. Рұқсат құжаттарын алу жөніндегі қызметтер 3 блоктан тұрады:

  • газбен, сумен жабдықтауға, су, электр қуатын, жылу желілері мен телекоммуникация жүргізуге техникалық шарт алуға кеңес пен көмек беру;
  • сәулет және құрылыс салаларына рұқсат құжаттарын (сәулет-жоспарлау тапсырмасы, мекен-жай анықтамасы, сыртқы жарнама, нысанның техникалық паспорты) алуға кеңес пен көмек беру;
  • жер мәселелері бойынша (жер телімін сатып алу, нысаналы мақсатын өзгерту, жер телімінің сәйкестік нөмірін рәсімдеу/қайта рәсімдеу) рұқсат құжаттарын алуға кеңес пен көмек беру.

Аталған қызмет түрлерін алу үшін кәсіпкер Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп, тиісті қызмет түріне өтінім беруі қажет. Келесі жұмыстарды кәсіпкердің атынан Орталықтың қызметкерлері атқарады.

Айта кетерлігі, өңір басшысына Орталық құру туралы ұсынысты Кәсіпкерлер палатасы ұсынған еді. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, осы жылдың басынан бастап Орталық жұмысқа кірісіп кетті.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметтерін пайдаланғысы келетін ауыл тұрғындары үшін де жағымды жаңалық бар: облыстың аудандық орталықтарында да Орталықтың мамандары бар. Олар Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарының ғимараттарында орналасқан.

Болашақта Орталық монополист кәсіпорындардан техникалық шарттарды электронды форматта алу жүйесін жолға қоюды жоспарлап отыр. Бұл үшін облыстағы елді мекендердің электронды картасы әзірленді. Техникалық шарттарды электронды форматта алу әкімшілік кедергілердің азаюына, құжаттарды алу мерзімі мен соған қатысты шығындардың қысқаруына, кәсіпкердің мемлекеттік органдар мамандарымен тікелей қарым-қатынас орнатуына ықпал етіп, соның нәтижесінде сыбайлас жемқорлық деректері біртіндеп жойылады деп күтілуде.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер