«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаржы ерте түссе, егін де бітік шықпақ

2017 жылғы 12 Қаңтар
- Солтүстік Қазақстан облысы
6237 просмотров

Шаруалар мәжілісмендерге Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру бойынша берілетін көмектің кешігіп жатқанына наразы екендіктерін жеткізді

Өңірлерге жұмыс сапарымен шыққан мәжілісмендер бизнес өкілдерімен де кездесіп, проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқыға салды. Мәселен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілдері халық қалаулыларына ауылшаруашылық өндірушілері көктемгі егу жұмыстарын қаржыландыруды ертерек бастауды сұрап отырғанын жеткізді. Олардың айтуынша, егіс науқаны жақындаған сайын, жанар-жағармай мен қосалқы бөлшектердің бағасы да соғұрлым өсе түседі.

«Бізде екінші деңгейлі банктер кепілдемесі арқылы берілетін егін жинауды қаржыландыру бағдарламасы жұмыс жасайды. Бағдарлама аграрийлердің көңілінен шығады. Ол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Қаражат 1 желтоқсанға дейін қайтарылуы керек. Бұл тұста ауылшаруашылық өндірушілер бізге тағы бір проблема бар екенін айтуда. Ол – қаражаттың кешігіп түсуі. Шаруалар қаржыландыруды ақпан айында бастауды сұрап отыр. Себебі, кей банктер кепілдемені қазірден бастап беруге дайын», – деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ахметбеков.

Сонымен бірге, СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес мүшесі Александр Казанцев табиғи монополиялар субъектілерімен (ТМС) байланысты мәселелер әлі де өзекті болып отырғанын тілге тиек етті.

«Қазіргі таңда табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл жобада біз Кәсіпкерлер палатасы арқылы ілгерілеткен норма қарастырылмаған. Мәселе ТМС туралы қолданыстағы заңның 7-бабы, 24-тармағы туралы болып отыр. Оған сәйкес, ТМС маусым сайын өз интернет-ресурсында қуат желілеріне қосылу, техникалық жағдайларға қол жеткізу, қолжетімді қуаттылықтар туралы, желілерді орналастыру орындары мен олардың өткізу мүмкіндіктері турасындағы ақпараттарды жариялап отыруға міндетті. Бүгінгі таңда ТМС аталған норманы толықтай орындамаған. Сызба орналастырғанымен, ол толық емес. Онда мекенжай бойынша ақпараттар жоқ. Бос қуаттылықтар мен желілерді дамыту жоспарлары да сайтқа шығарылмаған. Бүгінгі күні тарифтер 5 жылға жасалып қояды, сәйкесінше          ТМС 5 жылдық инвестициялық жобаларды жасайды. Ал кәсіпкерлер болса, бұдан хабардар емес. Біз ұсынып отырған осы бапты жаңа нұсқаға енгізуді сұраймыз», – деп қорытындылады Александр Казанцев.

СҚО КП директоры Тұрар Ысқақов болса, өз кезегінде, Палата бұл бастаманы толықтай қолдайтынын және «Атамекен» Ұлттық кәсіпакерлер палатасына бұл ұсынысты жолдағандарын жеткізді.

Барлық айтылған уәждерді тыңдаған депутаттар аталған мәселелерді бақылауға алатындарын айтып сендірді. Сонымен бірге, халық қалаулыларының айтуынша, олар кәсіпкерлермен тікелей пікір алмасып, қолдау көрсетуге дайын.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер